Қазақстандағы дипкорпус үшін елдегі коронавирус жағдайы туралы брифинг өтті

Қазақстандағы дипкорпус үшін елдегі коронавирус жағдайы  туралы брифинг өтті

НҰР-СҰЛТАН, 2020 жылғы 17 тамыз – Бүгін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ҚР СІМ қолдауымен Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың басшыларымен онлайн-кездесу өткізді. Іс-шараға ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев қатысты.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы дипкорпусты Үкіметтің коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралары туралы хабардар етті. Шетелдік дипломаттарға статистика және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен өзара іс-қимыл бойынша өзекті ақпарат жеткізілді.

Жалпы, А.Цой бүкіл әлемде коронавирустық инфекцияның пандемиясы кезеңінде халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен нығайту және COVID-19 індетімен күресте бірлескен күш-жігерді біріктіру өте маңызды екенін атап өтті. Қазақстан Республикасында аккредиттелген барлық дипломатиялық миссияларға денсаулық сақтау саласындағы өзекті бағыттар бойынша, оның ішінде COVID-19 таралуына қарсы іс-қимыл мәселелері аясында әріптестік ынтымақтастықты нығайтқаны үшін алғыс айтылды.