Қазақстан мен Түрікменстан екіжақты ынтымақтастықты жандандыруда

Қазақстан мен Түрікменстан екіжақты ынтымақтастықты жандандыруда

НҰР-СҰЛТАН, 2020 жылғы 8 шілде - Түрікмен тарапының бастамасы бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Түрікменстанның министрлер кабинеті төрағасының орынбасары - Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен телефон арқылы сөйлесті.

Сұхбат барысында тараптар сауда-экономикалық, транзиттік-көлік, шекара маңы және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты жандандыру мәселелерін талқылады. Министрлер екі ел арасындағы ынтымақтастық барлық деңгейдегі өзара іс-қимылдың жоғары дәрежесімен сипатталатынын растады. Жоғары деңгейдегі тұрақты диалогты қолдаудың рөлі ерекше атап өтілді.

Аймақтық және халықаралық сипаттағы өзекті мәселелер бойынша біздің елдеріміздің ұстанымдары мен мүдделерінің жақындығына назар аударылды. Тараптар, сондай-ақ, Қазақстан мен Түрікменстанның халықаралық алаңдарда, соның ішінде БҰҰ және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аясында ынтымақтастығын талқылады.

Елдерде COVID-19 пандемиясына қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды іске асыру және дағдарыс кезеңінде қабылданып жатқан әлеуметтік-экономикалық даму шаралары туралы ақпарат алмасылды.