Орталық Азия елдерімен және Әзербайжан Республикасымен бірлескен Араб экономикалық және ынтымақтастық форумының үшінші отырысы туралы

Орталық Азия елдерімен және Әзербайжан Республикасымен бірлескен Араб экономикалық және ынтымақтастық форумының үшінші отырысы туралы

Доха, 2024 жылғы 30 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Араб мемлекеттері лигасының ұйымдастыруымен министрлік деңгейде өткен «Орталық Азия елдерімен және Әзербайжан Республикасымен бірлескен Араб экономикалық және ынтымақтастық форумының» үшінші отырысына қатысты.

Іс-шара барысында Ә. Бақаев аталған Форумның өңіраралық ынтымақтастықты дамытудағы жоғары маңыздығын, Орталық Азия, Әзербайжан және күллі араб елдері арасындағы тамыры терең тарихи өзара достық пен туыстық қарым-қатынастарды, ортақ рухани құндылықтар мен мәдени байланыстарды атап өтіп, сондай-ақ қазіргі таңда қалыптасқан көп салалық екіжақты берік серіктестіктің негізгі бағыттарына тоқталды.

Қазақстанның араб елдерімен сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени және ғылыми салаларда жүзеге асырып келген өзара бірлескен жобалары мен бастамалары кеңінен баяндалып, ынтымақтастықты ары қарай тереңдету мен жанжақты кеңейтуге еліміздің зор мүдделілігі қайта расталды.

Сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы, инновация, энергетика және жаңартылатын энергия көздері, туризм, инфрақұрылымдық даму, транзиттік-көліктік әлеует, азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы секторы, қоршаған орта мен су мәселелері бойынша ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар нақты ұсыныстар жасалды. Өңірімізде теңдесі жоқ «Астана» халықаралық қаржы орталығының бірігей қызметтері ұсынылды.

Екі өңірдің елдері дүниежүзілік ұйымдарда бір-бірін қолдап, халықаралық күн тәртібінің ең өзекті мәселелеріне қатысты бірдей немесе жақын саяси ұстанымдар мен көзқарастарды ұстануда. Осы ретте, көптен бері әлем қауымдастығының зор алаңдаушылығына себеп болған Таяу Шығыстағы аса күрделі жағдай бойынша Қазақстанның ұстанымы, зорлық-зомбылықты тоқтатуға үндеуі, халықаралық бейбіт келіссөздер мен бастамаларға зор қолдауы, «Екі ел - Екі халық» шешімінің берік жақтаушысы екені аталып өтті.

Палестина халқын қолдау мақсатында Қазақстан былтыр халықаралық ұйымдарға қаржылай арнайы жарнасын бөліп, Газа секторына материалдық гуманитарлық көмек жеткізген болатын.

Басқосу алаңында Қазақстан делегациясының басшысы Қатар Мемлекетінің Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Сұлтан Әл-Мурейхимен, Араб мемлекеттері лигасының Бас Хатшысы Ахмед Әбул Гейтпен, сондай-ақ Алжир мен Тунис делегациялары басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.

Форум қорытындысында Доха декларациясы қабылданды.