Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2024 жылғы 15 сәуір

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2024 жылғы 15 сәуір

Мазмұны:

  1. «Орталық Азия – Шығанақтағы араб мемлекеттері ынтымақтастығының кеңесі» Диалог алаңы форматындағы 2-ші министрлік кездесу туралы;
  2. Қазақстан делегациясының Дүниежүзілік банктің және Халықаралық валюта қорының Вашингтондағы жыл сайынғы көктемгі сессияларына қатысуы туралы;
  3. Еуропалық тақырып бойынша Ресеймен сімаралық консультациялар туралы;
  4. Орталық Азия елдерінің өкілдері үшін сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы семинар туралы;
  5. Саха Республикасы (Якутия) басшысының Қазақстан Республикасына сапары туралы;
  6. Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығына қатысушы мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің отырысы туралы;
  7. ҚР СІМ-нің 2024 жылғы бірінші тоқсандағы инвестициялық қызметі туралы;
  8. Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген медицина студенттерін оқыту бойынша «Авиценна: Денсаулық сақтау» бағдарламасын іске қосу туралы.

 

  1. «Орталық Азия – Шығанақтағы араб мемлекеттері ынтымақтастығының кеңесі» Диалог алаңы форматындағы 2-ші министрлік кездесу туралы

2024 жылғы 15 сәуірде Ташкент қаласында (Өзбекстан Республикасы) «Орталық Азия – Шығанақтағы араб мемлекеттері ынтымақтастығының кеңесі» Диалог алаңы форматындағы 2-ші министрлік кездесуі өтті. Бұл іс-шараға Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев қатысты.

Кездесу қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеменің қабылдануы жоспарлануда.

 

  1. Қазақ делегациясының Дүниежүзілік банктің және Халықаралық валюта қорының Вашингтондағы жыл сайынғы көктемгі сессияларына қатысуы туралы

2024 жылғы 15-20 сәуірде Вашингтон қаласында (АҚШ) Дүниежүзілік банктің және Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы көктемгі сессиялары өтеді.

Іс-шараларға Ұлттық Банктің төрағасы Тимур Сүлейменов пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова бастаған қазақ делегациясының қатысуы жоспарланған.

Сапар аясында Қазақстан делегациясының халықаралық қаржы институттары мен рейтингтік агенттіктердің басшылығымен, сондай-ақ АҚШ-тың іскер топтары мен сарапшылар қауымдастығымен кездесулер өткізу көзделген.

 

  1. Еуропалық тақырып бойынша Ресеймен сімаралық консультациялар туралы

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының сыртқы істер министрліктері арасындағы 2023-2024 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына сәйкес, 2024 жылғы 16 сәуірде Мәскеу қаласында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Грушко арасында консультациялар өтеді.

Іс-шара барысында тараптар өзара қызығушылық тудыратын екіжақты Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін қарастырады. ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық институттармен жалпыеуропалық ынтымақтастық аясында екі елдің өзара іс-қимылын талқылауға ерекше назар аударылатын болады.

 

  1. Орталық Азия елдерінің өкілдері үшін сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы семинар туралы

2024 жылғы 16-19 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі Алматы қаласында сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша жапон мамандарының қатысуымен семинар ұйымдастырады.

Іс-шараны Жапонияның Джайка (JICA) халықаралық даму агенттігі, Қазақстанның құрылыс саласындағы мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институты (ҚазҚСҒЗИ) және Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығы бірлесіп ұйымдастырады.

Жапон мамандары Орталық Азия (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан) және Кавказ (Әзербайжан, Армения, Грузия) елдерінің өкілдерімен сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы тәжірибемен бөліседі, сейсмикалық оқшаулау саласындағы озық технологиялар мен стандарттар туралы пікір алмасады және сейсмикалық құрылыстағы әлеуетті ынтымақтастықты талқылайды. Сарапшылар сондай-ақ Алматы және Ното қалаларындағы соңғы жер сілкіністерін зерттейді, бұл болашақта сейсмикалық тәуекелдердің алдын алу стратегияларын әзірлеуге септігін тигізеді.

 

  1. Саха Республикасы (Якутия) басшысының Қазақстан Республикасына сапары туралы

2024 жылғы 17-21 сәуірде Саха Республикасының (Якутия) басшысы Айсен Николаевтың Астана қаласына сапары өтеді, ол сондай-ақ Қазақстанда Саха Республикасының күндерін ашу рәсіміне қатысады.

Сапар аясында оның мемлекет пен бірқатар мемлекеттік органдардың басшылығымен кездесулері, сондай-ақ Якутияның инвестициялық және туристік әлеуетінің тұсаукесері, B2B кездесулері және т.б. шаралар жоспарланған.

Саха Республикасының күндері екі қалада – Астана мен Алматыда ағымдағы жылдың 17-24 сәуір аралығында өтеді. Іс-шарада тауар өндірушілер мен инновациялық кәсіпорындар ұсынылады, Саханың инвестициялық және туристік әлеуетінің тұсаукесері өтеді, сондай-ақ якут музыкалық және опера қайраткерлері сахнада өз өнерлерін көрсетеді.

 

  1. Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығына қатысушы мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің отырысы туралы

2024 жылғы 17-19 сәуірде Алматы қаласында есірткіге қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығына (Ұйым) қатысушы мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің кезекті жыл сайынғы отырысы өтеді, оған Ұйымға қатысушы мемлекеттердің құқық қорғау органдары мен сыртқы саяси ведомстволарының өкілдері қатысады.

Аталған Ұйым – Орталық Азиядағы есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі жалғыз мемлекетаралық құрылым. Аталған Ұйымға қатысушы мемлекеттер: Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан.

 

  1. ҚР СІМ-нің 2024 жылғы бірінші тоқсандағы инвестициялық қызметі туралы

Ағымдағы жылдың басынан сәуір айына дейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті 436,6 млрд теңге сомасына 29 инвестициялық келісімшарт жасасты.

Жоғарыда көрсетілген кезеңде e-license порталы арқылы инвестициялық преференциялар беруге 86 өтінім келіп түсті.

Шетелдік қатысу тұрғысынан Ресей, Нидерланды және Кипр мемлекеттері ұсынылған.

Салаларға бөлетін болсақ өңдеу өнеркәсібі саласында 12 келісімшартқа қол қойылған, көлік және қойма саласында – 6 келісімшарт, өнер, ойын-сауық және демалыс саласында – 4 келісімшарт, тұру және тамақтану қызметтерін ұсыну саласында – 4 келісімшарт, білім беру және денсаулық сақтау саласында – 2 келісімшарт, электрмен жабдықтау, газ, бу және ауа баптау саласында 1 келісімшарт жасалды.

Инвестициялық келісімшарттардың басым бөлігі Астана қаласында (16 келісімшарт) қойылған, одан кейін Шымкент қаласы мен Алматы облысы (3 келісімшарттан), Алматы қаласы мен Жамбыл облысы (2 келісімшарттан) және Ақтөбе, Қостанай, Түркістан облыстары (1 келісімшарттан) қол қойылды.

 

  1. Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген медицина студенттерін оқыту бойынша «Авиценна: Денсаулық сақтау» бағдарламасын іске қосу туралы

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі мен Астана медицина университеті Орталық Азия елдерінен келген медициналық оқу орындарының студенттеріне арналған «Авиценна: Денсаулық сақтау» бағдарламасын іске қосады.

Бағдарлама ағымдағы жылдың 12 сәуірі мен 2 мамыры аралығында Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген 17 талантты студенттерге ұйымдастырылады. Оқыту курстары медициналық білім берудің әртүрлі аспектілерін қамтиды. Бұл бастама Қазақстанның Орталық Азиядағы академиялық байланыстарды нығайтуға және денсаулық сақтау саласындағы жас мамандарды қолдауға ұмтылысын көрсетеді.

Бағдарлама «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің гранты негізінде жүзеге асырылады.