
Алматы, 2024 жылғы 12-13 наурыз – БҰҰ хабының ғимаратында өткен өңірлік семинар барысында Биологиялық және уытты қарулар туралы конвенцияның (БУҚК) қағидаларын жүзеге асыру және оны одан әрі нығайту мәселелері негізгі тақырыптар болды. Еуропа Одағының қолдауымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қарусыздандыру істері жөніндегі басқармасы (UNODA) және Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған іс-шараға Орталық Азия елдері мен Әзербайжаннан БУҚК мәселелері бойынша ұлттық үйлестірушілер қатысты.
Семинар қатысушыларға заңнаманы және ұлттық іс-қимыл жоспарларын жетілдіруге қатысты ақпаратпен және озық тәжірибемен алмасуға, сондай-ақ Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің биологиялық қауіпсіздік саласындағы ашықтықты қамтамасыз етудің негізгі тетігі – сенім шараларын іске асыру туралы ақпаратты дайындау және ұсынуға мүмкіндік берді.
БҰҰ-ның Қарусыздану істері жөніндегі басқармасының өкілдері Қазақстанға Алматыда оқу курсын ұйымдастырғаны үшін және іс-шараға қатысқан Қазақстанмен қоса, Әзербайжан, Тәжікстан және Өзбекстанның тиісті ведомстволарының өкілдеріне алғыс айта отырып, Конвенцияның ұлттық деңгейде жан-жақты және белсенді жүзеге асырылуы маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Бұл тұрғыда ұлттық байланыс пунктілеріне маңызды рөл тиеді.
Қазақстан өкілдері БУҚК бойынша өз міндеттемелерін мүлтіксіз орындауына назар аударды. Еліміз үшін биологиялық қауіпсіздік саласындағы басымды мәселе Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін (БҚХА) құру бастамасын жүзеге асыру екені атап өтілді. Қазақстан биотехнологияның соңғы жетістіктерін бейбіт мақсатта пайдалануды қамтамасыз ету үшін белсенді ынтымақтастық қажет деген сеніммен бөліседі. Агенттік БУҚК-ге қатысты салаларда ғылым мен технологияның дамуын бақылауды қамтамасыз етпекші.
БҰҰ мен қатысушы елдердің сарапшылары Қазақстанның Конвенцияны нығайтудағы және Женевадағы БУҚК жұмыс тобының аясында кеңінен талқыланатын БҚХА бастамасын ілгерілетудегі белсенді рөлін атап өтті, бұл көптеген елдерде одан әрі талқылауға қолдау мен қызығушылық тудырады.
Жеке панельдік сессияда Қазақстанның БУҚК іске асыру тәжірибесі ұсынылды. Атап айтқанда, М.Айқымбаев атындағы Ерекше қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының бас директоры Зәуре Жұмаділова сенім шаралары туралы жыл сайынғы баяндаманы дайындау механизмі, биологиялық қауіпсіздік саласында қабылданып жатқан шаралар туралы және БУҚК қағидаларына әрі «Биологиялық қауіпсіздік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өз зерттеулерін жүргізетін Орталық референттік зертхананың қызметімен таныстырды.
Іс-шара аясында семинарға қатысушылар Алматы қаласында орналасқан Орталық референттік зертханада болып, отандық биотехнологиялық кешенінің флагмандық мекемесінің қызметімен танысты. ОРЗ миссиясы елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, республика аумағында адамдардың аса қауіпті инфекцияларды жұқтыру қаупін бақылау, оларды алдын алу және бағалаудың ғылыми негіздерін әзірлеу және енгізу болып табылады. Биологиялық қауіпсіздік саласының мамандары толықтай республикалық бюджеттен қаржыландырылатын зертхананың қызметі мен қазақ ғалымдардың зерттеулерін жоғары бағалады.
Анықтама: Бактериологиялық (биологиялық) және токсиндік қаруды әзірлеуге, өндіруге және жинақтауға тыйым салу және оларды жою туралы конвенция 1972 жылы қол қою үшін ашылып, 1975 жылы күшіне енді. БУҚК халықаралық қауымдастықтың жаппай қырып-жою қарумен күресудегі негізгі тіректерінің бірі болып табылады.
2020 жылдың қыркүйегінде Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясы барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биологиялық (бактериологиялық) қарудың таралуын алдын алуға, қауіпті қоздырғыштармен күресу шараларын зерттеу және әзірлеу бойынша кең және инклюзивті халықаралық ынтымақтастықты ынталандыру, биологиялық саладағы бағдарламалар мен зерттеулердің әскери мақсатта пайдаланылмайтынын тексеру және қамтамасыз ету жүйелерін құру, халықаралық нормаларды жетілдіру және институционализациялауға БУҚК режиміне жәрдемдесетін Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттігін (БҚХА) құру туралы бастаманы ұсынды.