Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2024 жылғы 11 наурыз

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2024 жылғы 11 наурыз

Мазмұны:

  1. Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің 15-ші отырысы туралы;
  2. БҰҰ Әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссиясының 68-ші сессиясы туралы;
  3. Орталық Азия елдері мен АҚШ үкіметтері мен бизнес-қоғамдастықтары өкілдерінің қатысуымен өтетін B5+1 форумы туралы;
  4. Қазақстан Сыртқы істер министрінің БҰҰ Есірткі заттары жөніндегі комиссиясының 67-ші сессиясының Жоғары деңгейдегі сегментіне қатысуы туралы;
  5. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Армения Республикасына ресми сапары туралы;
  6. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ауыл шаруашылығы министрлерінің 3-ші отырысы туралы;
  7. Қазақстан Сауда және интеграция министрінің Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары туралы.

 

  1. Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің 15-ші отырысы туралы

2024 жылғы 11-12 наурызда Ашхабад қаласында (Түрікменстан) Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбек бастаған қазақ делегациясы Кеңестің кезекті 15-ші отырысына қатысады.

Іс-шарада 2023 жылғы 3 қарашада Астанада өткен Ұйымның
10-шы саммиті барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысы, сондай-ақ Ұйым шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөніндегі өзекті мәселелер қарастырылатын болады.

 

  1. БҰҰ Әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссиясының 68-ші сессиясы туралы

Ағымдағы жылғы 11-22 наурыз аралығында Нью-Йорк қаласында БҰҰ-ның Әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссиясының 68-ші сессиясы өтеді, оған дәстүрлі түрде Қазақстан өкілдерінің қатысуы жоспарланып отыр. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова бастаған делегацияға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғамның өкілдері кірді.

Іс-шара аясында әйелдер мен қыздар арасындағы кедейлікті жоюға, тиісті институттарды нығайтуға және қажетті қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталған гендерлік теңдікке қол жеткізуді жеделдету мәселелері талқыланады. Пікірталастардың маңызды аспектісі экономикалық даму мен гендерлік сезімтал басқару арасындағы байланысты зерттеу, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық бастамалар арқылы теңдікті ілгерілету стратегияларын қарастыру болады.

 

  1. Орталық Азия елдері мен АҚШ үкіметтері мен бизнес-қоғамдастықтары өкілдерінің қатысуымен өтетін B5+1 форумы туралы

2024 жылғы 13-15 наурыз аралығында Алматы қаласында Орталық Азия елдері мен АҚШ үкіметтері мен бизнес-қоғамдастықтары өкілдерінің қатысуымен B5+1 форумын өткізу жоспарлануда.

В5+1 бастамасы үкіметтер мен бизнес-қоғамдастық арасындағы белсенді өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге, сондай-ақ Орталық Азия өңіріндегі маңызды экономикалық мәселелерді және оларды шешу жөніндегі нақты қадамдарды талқылауға арналған алаң.

Сонымен қатар бұл іс-шара 2023 жылғы қыркүйекте Нью-Йорктегі мемлекет басшыларының саммитінде ұсынылған B5+1 платформасының ресми іске қосылуы болады.

 

  1. Қазақстан Сыртқы істер министрінің БҰҰ Есірткі заттары жөніндегі комиссиясының 67-ші сессиясының Жоғары деңгейдегі сегментіне қатысуы туралы

2024 жылғы 14-15 наурызда Вена қаласында (Аустрия) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БҰҰ Есірткі заттары жөніндегі комиссиясының 67-ші сессиясының Жоғары деңгейдегі сегментіне қатысады.

Іс-шара барысында есірткі қаупімен күрес бойынша халықаралық өзара іс-қимылды нығайту ісіндегі ағымдағы жағдай мен болашақ қадамдарды талқылау, синтетикалық есірткінің таралуына қарсы іс-қимылда Орталық Азияның рөлін жарыққа шығару көзделіп отыр.

Сонымен қатар сыртқы саяси ведомствосының басшысы «Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан әлеуметтік-саяси реформалар» тақырыбы бойынша ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің отырысына қатысады.

Сапар барысында БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымы, Аустрия Республикасының Сыртқы істер министрлігі басшылығымен бірқатар екіжақты кездесулер жоспарланған.

 

  1. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Армения Республикасына ресми сапары туралы

2024 жылғы 17-18 наурызда армян тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Армения Республикасына ресми сапары өтеді.

Сапар аясында мемлекет басшылығымен кездесулер, сондай-ақ Армения Республикасының Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянмен келіссөздер жоспарланып отыр. Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-армян ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелері талқыланады.

Сонымен қатар сыртқы істер министрлері екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы 2024-2025 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарына қол қояды.

 

  1. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ауыл шаруашылығы министрлерінің 3-ші отырысы туралы

2024 жылғы 17-19 наурыз аралығында Тараз қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы елдердің ауыл шаруашылығы министрлерінің 3-ші отырысы, сондай-ақ Түркі аграрлық бизнес-форумы өтеді.

Іс-шараға Ұйымға мүше және бақылаушы елдердің ауыл шаруашылығы министрлері, сондай-ақ мүдделі бизнес-қауымдастықтардың өкілдері қатысады. Отырыс қорытындысы бойынша министрлердің Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерінде ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі бірлескен коммюнике қабылдау күтілуде.

 

  1. Қазақстан Сауда және интеграция министрінің Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары туралы

2024 жылғы 18-24 наурыз аралығында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиевтің Қытай Халық Республикасына, атап айтқанда Үрімші, Чэнду және Бейжің қалаларына жұмыс сапары өтеді. Сапар барысында бірқатар Қытай өңірлерінің (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы, Сычуань) басшылығымен және жетекші жергілікті компаниялармен кездесулер өткізу жоспарлануда.

Сапардың басты мақсаты Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, сондай-ақ сауда, инвестициялар, технологиялық және ғылыми зерттеулерді қоса алғанда, түрлі салалардағы ынтымақтастық перспективаларын талқылау болады.

Бұдан басқа, Чэнду қаласындағы ірі B2B форумы әлеуетті бірлескен жобаларды талқылау, әріптестік қатынастарды нығайту және жаңа мүмкіндіктер іздеу үшін қазақ және қытай компанияларының өкілдері үшін арнайы алаң болады.