Қазақстан мен Мысыр сыртқы саяси ведомстволары арасында саяси консультациялардың сегізінші раунды өтті

Қазақстан мен Мысыр сыртқы саяси ведомстволары арасында саяси консультациялардың сегізінші раунды өтті

Каир, 2024 жылғы 21 ақпан – Мысыр Араб Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев пен оның әріптесі Ахмед Шахиннің төрағалығымен Қазақстан-Мысыр саяси консультацияларының сегізінші раунды өтті.

Саяси консультациялар барысында тараптар достық пен өзара тиімді серіктестік қағидаттарына негізделген Қазақстан-Мысыр қарым-қатынастарының оң серпіні мен табысты дамуына жоғары баға берді.

Қос тарап аса жоғары және жоғары деңгейлерде, сондай-ақ екі мемлекеттің парламенттері арасындағы сенімді диалогты нығайтуға берік дайындығын білдіріп, өзара ресми сапарлар мен көпжақты форматтар аясында екіжақты кездесулер ұйымдастыруға уағдаласты.

Тараптар Қазақстан-Мысыр үкіметаралық комиссиясының қызметін жандандыру қажеттігіне тоқтала отырып, 2024 жылы Астанада өтетін комиссияның алтыншы отырысына дайындық барасын жан-жақты талқылады.

Министрдің орынбасары А.Бақаев халықаралық көлік дәліздері шеңберіндегі, оның ішінде Қазақстан мен Мысыр арасындағы сауда ағынын кеңейтуге қабілетті Орта дәліз аясындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

Мысыр тарапы Суэц каналы арқылы сауда қарқынының қысқаруына байланысты экономикалық шығындардың ұлғаюын ескере отырып, бұл Орта дәліз жобасына зор қызығушылық танытты.

Министрдің орынбасары А.Шахин Таяу Шығыстағы жанжалды реттеу мәселесіндегі Қазақстанның конструктивтік және белсенді ұстанымы, сондай-ақ Палестина халқына көрсеткен елеулі гуманитарлық көмегі үшін мол алғысын білдірді. Өз кезегінде, қазақстандық дипломат Газа секторынан еліміздің азаматтарын эвакуациялауда көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.

Өңірлік және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзекті мәселелер бойынша өзара пікір алмасылды. Мысыр Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесті толыққанды ұйымға айналдыру жөніндегі Қазақстанның бастамасын қолдап, тиісті Жол картасының қабылдануын құптады.

Мысыр дипломаты «Қазақстан мен Мысырды Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдық тарихы байланыстыра отырып, екі халықтың қазіргі дамуы мен өркендеуіне берік көпір болып қызмет ететінін» алға тартты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты консультацияларды тұрақты түрде өткізу қажеттігін атап өтіп, сыртқы істер министрліктері арасында тығыз диалогты жалғастыруға келісті.