Мазмұны:
Бүгін 2024 жылғы 21 ақпанда Мысыр Араб Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев пен Мысыр Сыртқы істер министрінің орынбасары Ахмед Шахиннің төрағалығымен Қазақстан-Мысыр саяси консультацияларының сегізінші раунды өтеді.
Сұхбаттастар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жолдарын талқылауға, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасады.
Оған қоса, тараптар 2024 жылы Астанада жоспарланған Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мысыр үкіметаралық комиссиясының алтыншы бірлескен отырысының күн тәртібінің жобасын қарайды.
2024 жылғы 22-24 ақпан аралығында Таиланд Сыртқы істер министрінің орынбасары Джаккапонг Сангмани үлкен бизнес-делегациясымен бірге Қазақстанға келеді.
Сапардың мақсаты – сауда-экономикалық қатынастарды нығайту, туристік саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту,
екі ел арасындағы медицина саласындағы әлеуетті инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыру.
Сапар барысында Таиланд дипломаты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ және «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ басшылығымен, сондай-ақ іскер топтардың өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізеді деп жоспарлануда.
2024 жылғы 26-29 ақпан аралығында Абу-Дабиде (БАӘ) Біріккен Араб Әмірліктерінің төрағалығымен Дүниежүзілік сауда ұйымының 13-ші министрлік конференциясы өтеді.
Конференцияда қазақстандық делегацияны Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастап барады.
Алдағы іс-шарада Ұйымға мүше елдер осы дүниежүзілік ұйымды реформалау мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының төрағалығымен 2022 жылғы 12-17 маусымда Женевада (Швейцария) өткен 12-ші министрлік конференциясының қорытындылары бойынша қабылданған министрлік шешімдері мен келісімдерін қолданысқа енгізуді және іс жүзінде іске асыруды қарайды деп күтілуде.
2024 жылғы 26-28 ақпан аралығында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі сессиясының жоғары деңгейдегі сегментіне, сондай-ақ Женева қаласында қарусыздану жөніндегі конференцияның жоғары деңгейдегі сегментіне қатысады.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі сессиясының жоғары деңгейдегі сегменті барысында Министр халықаралық қоғамдастыққа қол жеткізілген нәтижелер және Қазақстанның ұлттық құқық қорғау жүйесін нығайту жөніндегі алдағы жоспарлары туралы хабарлайды.
Қарусыздану жөніндегі конференцияның жоғары деңгейдегі сегментіне қатысу шеңберінде М. Нұртілеу Қазақстанның ядролық қарусыздану, биологиялық қауіпсіздік саласындағы және тұтастай алғанда, ағымдағы геосаяси шындықта ымыраға келу жолдарын іздестіру бойынша басымдықтарын жарыққа шығарады.
Сапар аясында БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валоваямен, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Тюркпен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, Халықаралық еңбек ұйымының, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының басшыларымен, сондай-ақ бірқатар елдердің сыртқы істер министрлерімен екіжақты кездесулер жоспарланған.
2024 жылғы 27 ақпан мен 4 наурыз аралығында Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бастаған қазақстандық делегацияның Америка Құрама Штаттары мен Канадаға жұмыс сапарлары жоспарлануда.
Сапар шеңберінде АҚШ-қа Қазақстан Республикасының жер қойнауын игеруге және геологиялық барлау жұмыстарына инвестициялар тарту мақсатында салалық ведомстволармен және ірі американдық компаниялармен кездесулер жоспарлануда.
Сонымен қатар, қазақстандық делегация Торонто қаласында (Канада) өтетін «PDAC-2024» көрмесінде Қазақстанның ұлттық павильонының ресми ашылу рәсіміне қатысады, сондай-ақ Канададағы тау-кен компанияларының өкілдерімен байланыс орнату үшін Қазақстан-Канада іскерлік кеңесінің отырысына қатысады.
2024 жылғы 1-3 наурызда Анталья қаласында (Түркия) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Тұрақсыздық кезінде дипломатияны ілгерілету» тақырыбындағы III Анталья дипломатиялық форумына қатысады.
Сыртқы саяси ведомство басшысының сапары аясында Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен және басқа елдердің делегациялар басшыларымен екіжақты кездесулері жоспарланған.
М.Нұртілеу Форумның «Түркі әлеміндегі Институционализациялау: 21 ғасырдағы Түркі мемлекеттері ұйымы» тақырыбындағы панельдік сессиясында сөз сөйлейді.
2024 жылғы 26 ақпан мен 1 наурыз аралығында Найроби (Кения) қаласындағы БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (UNEP) штаб-пәтерінде Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменова бастаған Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар және Сыртқы істер министрлігінің делегациясы БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау Ассамблеясы сессиясының 6-шы отырысына (UNEA-6) қатысады.
Сапар аясында халықаралық ұйымдар мен шетелдік делегациялардың басшыларымен екіжақты кездесулер жоспарланған. UNEA-6 қоршаған орта саласындағы басты іс-шаралардың бірі болғандықтан оның шеңберінде планетадағы экологиялық жағдайды жақсарту мәселелері талқыланады және БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің орындауы үшін тиісті шешімдер қабылданады.
Сонымен қатар, Қазақстанның ұсынысы бойынша ШЫҰ мен БҰҰ-ның «Бір планета, бір болашақ: экологиялық тұрақтылық үшін күш-жігерді біріктіру» атты жоғары деңгейдегі арнайы іс-шарасы өтеді. Бұл іс-шара ШЫҰ Экология жылы аясында өтуде. Қатысушылар Жаһандық экологиялық және климаттық проблемалар бойынша, ШЫҰ мен БҰҰ әлеуетін пайдалана отырып, оларды шешу жолдары бойынша субстантивтік пікір алмасады.
Қорытындысы бойынша ШЫҰ Хатшылығы мен БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою жоспарлануда.
Қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешу Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығының басты басымдықтарының бірі екенін еске саламыз.
2024 жылғы 29 ақпанда Вильнюс қаласында (Литва) Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Литва үкіметаралық комиссиясының 14-ші отырысы өтеді. Комиссияның тең төрағалары - Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция Вице-министрі Қайрат Төребаев пен Литва Республикасының Экономика және инновациялар министрі Аушрине Армонайте.
Отырыс шеңберінде тараптар көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, экология, білім беру және туризм сияқты салаларды қоса алғанда, Қазақстан мен Литва арасындағы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылайды.
2024 жылғы 3-5 наурыз аралығында Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың Ресей Федерациясына, атап айтқанда Мәскеу және Қазан қалаларына, ресми сапары жоспарлануда.
Сапар барысында Мәскеуде Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Төрағасы Вячеслав Володинмен, Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен екіжақты келіссөздер, сондай-ақ Қазанда Татарстан Республикасының Раисы Рустам Миннихановпен және Татарстан Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Төрағасы Фарид Мұхаметшинмен екіжақты кездесулер жоспарланған.
Сапар аясында тараптар парламентаралық өзара іс-қимылды, сондай-ақ сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылайды.