
Алжир, 2024 жылғы 20 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Алжир Халық Демократиялық Республикасының Сыртқы істер және шетелдегі ұлттық қоғамдастық жөніндегі министрі Ахмед Аттафпен кездесті.
Тараптар екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мәселерін, сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық, өзара сапарлар ұйымдастыру, шарттық-құқықтық базаны кеңейту перспективаларын талқылады.
Көлік дәліздерін дамыту, ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстандық тарап Алжирдің Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының жұмысына қатысуының маңыздығын атап өтіп, осы ұйымға қосылуға шақырды.
Сонымен қатар министрдің орынбасары Ә.Бақаевтың Алжирге сапары барысында Қазақстан-Алжир саяси консультацияларының 2-ші раунды өтті. Алжир тарапын сыртқы саяси ведомствосының бас хатшысы Лунес Маграмане басқарды.
Консультациялар барысында тараптар достық және өзара тиімді серіктестік қағидаттарына негізделген Қазақстан-Алжир қатынастары дамуының оң динамикасын атап өтті.
Сұхбаттастар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Сауда және инвестиция, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі, жастар мен спорт салаларындағы ынтымақтастықты орнату және кеңейту мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді.
Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында тараптар өзара сапарлар ұйымдастыру тәжірибесін жалғастыруға, сондай-ақ екі ел арасындағы шарттық-құқықтық базаны кеңейтуге ниетті екенін растады.
Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша, соның ішінде БҰҰ, ИЫҰ, Араб мемлекеттері лигасы, Африка Одағы жөнінде пікір алмасу өтті. Қазақстан тарапы Алжирді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2024-2026 жылдары тұрақты емес мүшесі болып сайлануымен құттықтады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сыртқы істер министрліктері арасында тығыз диалогты жалғастыруға келісіп, екіжақты консультацияларды тұрақты түрде өткізу қажеттігін атап өтті.