Еуроодақ елшісімен кездесу барысында саяси және экономикалық ынтымақтастықты нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды

Еуроодақ елшісімен кездесу барысында саяси және экономикалық ынтымақтастықты нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды

Астана, 2024 жылғы 13 ақпан – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Еуропалық Одақтың (ЕО) Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінің Басшысы Елші Кестутис Янкаускаспен кездесу өткізді.

Сұхбат барысында екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, сондай-ақ таяу, орта және ұзақ мерзімді перспективадағы өзара іс-қимылдың басым бағыттары жөнінде пікір алмасылды.

Сұхбаттастар ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің әлеуетін толық іске асыру үшін алдағы қадамдарды белгіледі. Осы тұрғыда тараптар Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімде көзделген диалог алаңдарының жыл сайынғы отырыстарын өткізу жөніндегі жоспарларды талқылады.

Көлік және логистика, инфрақұрылым және сирек металдарды өндіру, энергетика, экология және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды.

Аймақаралық ынтымақтастық аспектісінде Р. Василенко ү.ж. 29-30 қаңтарда Брюссельде «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» өзара көліктік байланысы бойынша инвесторлар форумының табысты өткізілгенін атап өтті. «Орталық Азия мен ЕО арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру бойынша Бірлескен жол картасын іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде», – деп толықтырды ол.

Өз кезегінде, ЕО Елшісі өзара іс-қимылдың барлық деңгейінде қарқынды дамып келе жатқан диалогты қанағаттанушылықпен атап өтті. К. Янкаускас Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара қызығушылық тудыратын барлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Тараптар стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталған тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.

Анықтама: Еуропалық Одақ ҚР-дың негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. ЕО үлесіне қазақстандық сыртқы сауда мен шетелдік инвестициялардың 30% -дан астамы тиесілі. 2023 жылғы қаңтар-қараша аралығында тауар айналымы 37,7 млрд АҚШ долл. (+3,2%), экспорт – 28,1 млрд АҚШ долл. ( –6,4%), импорт – 9,6 млрд АҚШ долл. (+ 32,3%) құрады. 2022 жылғы тауар айналымы 40 млрд АҚШ долл. құрады, бұл 2021 жылға қарағанда 38% жоғары (28,9 млрд АҚШ долл.). Экспорт – 32,4 млрд АҚШ долл., импорт – 7,6 млрд АҚШ долл. 2023 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша ЕО-дан тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) ағыны 5,2 млрд АҚШ долл. құрады.