Астана, 2024 жылғы 25 қаңтар – Сирия бойынша «Астана форматындағы» 21-ші халықаралық кездесу аясында ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының департаменттер директорлары деңгейінде ведомствоаралық консультациялар өтті.
Қазақстандық делегацияны ҚР СІМ Таяу, Орта Шығыс және Африка департаментінің директоры А. Жеңіс, ал ресейлік делегацияны – РФ Сыртқы істер министрінің Сирия мәселесін реттеу жөніндегі арнайы өкілі, РФ СІМ Таяу Шығыс және Солтүстік Африка департаментінің директоры А. Кинщак басқарды.
Кеңестерге екі елдің қорғаныс ведомстволарының өкілдері де қатысты.
Іс-шара барысында тараптар Сирия мен Таяу Шығыстағы ағымдағы жағдайды талқылады, сондай-ақ Сирия төңірегіндегі жағдайды жан-жақты реттеу және оны қақтығыстан кейінгі қалпына келтіру бойынша әлемдік қоғамдастықтың алдағы қадамдары мен күш-жігері туралы пікір алмасты.
Бұл тұрғыда Сирия дағдарысын реттеудегі Астана процесінің рөлі жоғары деңгейде екенін атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің ведомстволары арасында диалогты жалғастыруға келісті және екіжақты консультацияларды тұрақты түрде өткізу қажеттігін атап өтті.