Сирия бойынша Астана процесі шеңберіндегі халықаралық кездесуге қатысушылар туралы

Сирия бойынша Астана процесі шеңберіндегі халықаралық кездесуге қатысушылар туралы

Астана процесі аясындағы сириялық келіссөздердің кезекті 21-ші раундына қатысушылардың делегацияларын елордамыз қарсы алуды жалғастыруда.

Еліміздің астанасына Сирия үкіметінің делегациясы мен Қарулы Сирия оппозициясы келді. Сирия үкіметі делегациясының басшысы – Сирия Сыртқы істер министрінің орынбасары Бассам Саббаг, ал қарулы оппозицияның басшысы – Ахмед Тома.

Қазіргі уақытта Сирия бойынша Астана процесі шеңберінде барлық кепілгер елдер – Ресей, Түркия және Иран делегацияларының қатысуымен екіжақты және үшжақты келіссөздер басталып кетті.

Ресей делегациясын РФ Президентінің Сирия бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев басқарады. Түркия атынан ТР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ахмет Йылдыз қатысуда. Иран делегациясын ИРИ Сыртқы істер министрінің арнайы саяси мәселелер жөніндегі аға көмекшісі Әли Асғар Хаджи басшылығымен қатысуда. Біріккен Ұлттар Ұйымы делегациясын БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы өкілінің орынбасары Нажат Рочди басқарды.

Кездесуге сондай-ақ Иордания, Ливан, БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы және Халықаралық Қызыл Крест комитеті бақылаушылар ретінде қатысуда. Ирак делегациясы бүгін кешке келеді деп күтілуде.

Бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылғы 24-25 қаңтарда екіжақты және үшжақты консультациялар өтеді. Келіссөздер қорытындысы бойынша Сирия үкіметі мен оппозиция, сондай-ақ кепілгер елдері өкілдерінің пленарлық отырысқа қатысуы және баспасөз брифингінде сөз сөйлеуі жоспарлануда.

Отырыстың күн тәртібінде келесі мәселелер қарастырылады:

- Сирия төңірегіндегі өңірлік ахуалдың дамуы;

- САР-дағы кешенді реттеу жөніндегі күш-жігер;

- Сириядағы «жердегі» жағдай;

- терроризмге қарсы күрес мәселелері;

- сенім шаралары, оның ішінде кепілге алынғандарды босату және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу;

- Сириядағы гуманитарлық жағдай және Сирия Араб Республикасын жанжалдан кейінгі қалпына келтіруді жеңілдету және сириялық босқындардың отанына оралуы мақсатында жағдай жасау үшін халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін жұмылдыру.