Берлин, 2023 жылғы 14 желтоқсан – Бейсенбі күні Германия астанасында «Жоғары білім мен ғылыми зерттеулерден бизнес моделіне көшу – қолданбалы ғылымдағы неміс-қазақ ынтымақтастығы» атты Берлин Еуразия Клубының 39-шы отырысы өтті.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко өзінің бастама сөзінде 2023 жылы Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың басты жетістіктерін атап өтіп, экономиканы инновациялық дамыту және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласындағы ҚР мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарын айтып берді.
«Тауар айналымының оң серпіні біздің экономикаларымыздың өзара тартымдылығын айқын көрсетеді. Қазақстан үш тартымды факторға ие: энергияның әртараптандырылған көздері, елеулі табиғи ресурстар және басқа да көптеген артықшылықтарды айтпағанда, көлік-транзиттік әлеует. Бізде ГФР-ға дәстүрлі энергия ресурстарын жеткізу, «жасыл» қуатты, «жасыл» болатты өндіру және одан әрі экспорттауды ұлғайту үшін жақсы мүмкіндіктер бар», – деп атап өтті қазақстандық дипломат.
Р.Василенко инновацияларды қолдау, технологиялар трансферті және ГФР-дағы жаңа әзірлемелерді коммерцияландыру тәсілдерін зерделеуге қызығушылық білдіре отырып, осы салада өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға және Қазақстан мен Германиядағы тиісті институттар мен тетіктердің тиімділігін арттыруға шақырды.
ГФР Сыртқы істер федералдық министрлігінің Ғылым, Білім және ғылыми зерттеулер саласындағы сыртқы саясат мәселелері жөніндегі уәкілі Анке Райфенштюль осы жылдың қыркүйегінде «Германия - Орталық Азия» форматында жоғары деңгейде өткен кездесуді атап өтіп, біздің еліміздің және жалпы өңірдің маңыздылығын атап өтті. «Орталық Азия Германия стратегиялық аймақтық серіктестік құрған әлемдегі алғашқы аймақ болды. Бұл біздің екі елдің қарым-қатынасын одан әрі тереңдетуге ықпал етеді деп сенеміз», деп айтты ГФР СІМ уәкілі.
А.Райфенштюль қатысушыларды білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы туралы хабардар етті және табысты мысал ретінде Қазақстан-Германия университетінің рөлін атап өтіп, оны «флагмандық жобамен» белгіледі. Сөз соңында БЕК отырыстарына болашақта белсенді қатысуға дайын екенін білдірді.
Қазақстан-Неміс университетінің президенті профессор Волрад Роммель өз сөзінде Қазақстан-Неміс университетінің қызметін қайта құру барысы туралы хабардар етіп, «ҚНУ-ның Қазақстанның білім беру жүйесіне интеграциялануға деген қажеттілігі мен ұмтылысын» атап өтті. В.Роммель білім алуға ұмтылған еліміздің жастарының үлкен әлеуетіне белгіледі. Оның айтуынша, «ел экономикасы ғылыммен тиімді қарым-қатынас жасағанда жақсы жұмыс істейді».
«Fraunhofer-Gesellschaft» Халықаралық өкілдіктер мен кеңесшілер тобының жетекшісі, айналымы 3 млрд еуро болатын қолданбалы ғылымның жетекшісі Йенс Нойгебауэр қоғамның қызметі туралы айтып, «өнеркәсіп пен ғылым арасындағы алшақтықты толтыру» мақсатында ұйым құру қажеттігін атап өтті. Өз сөзінің соңында бұл мақсат бүгінгі шындық жағдайында да өзекті болып тұрғанын айтты.
Подиумдық талқылауда ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, Анхальт Университетінің Президенті, неміс Трансфер және инновациялар агенттігінің құрылтай комитетінің мүшесі Йорг Багдан,
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті КЕАҚ Басқарма төрағасы-ректоры Сәуле Рахметуллина, Ғылым қоры АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әлия Сембаева, QazInnovations инновацияларды дамыту ұлттық агенттігінің Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Әбілов сөз сөйледі.
Кейінгі диалог барысында қазіргі заманғы бизнес-модельдерді іске асыру контекстінде Қазақстан мен Германия арасындағы ғылыми-инновациялық ынтымақтастықтың перспективалары туралы жан-жақты пікір алмасу өтті.
Талқылау соңында ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Нұрлан Онжанов Қазақстанда неміс тілін оқытуды қолдау және одан әрі дамыту қажеттігіне назар аударды.
Отырысқа ғылыми қоғамдастықтың, саяси және іскер топтардың, сарапшылар қауымдастығының 100-ге жуық өкілі қатысты.
Анықтама: Берлин Еуразия Клубы – бірегей диалог алаңы. БЕК отырыстары жыл сайын Астана, Брюссель және Берлинде өткізіледі. 10 жыл ішінде Клуб өзара тиімді бизнеске мүдделі іскер топтар өкілдерінің екі елдің шенеуніктерімен және сарапшылар қауымдастығымен тікелей өзара іс-қимылының тиімді тетігіне айналды.