
НҰР-СҰЛТАН, 2020 жылғы 20 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Жапония Сыртқы істер министрі Тосимицу Мотэгимен телефон арқылы сөйлесіп, COVID-19 пандемиясына қарсы күрес шеңберінде екі мемлекет қабылдап отырған шаралар туралы пікір алмасты. Жапон тарапы Қазақстан қабылдап жатқан шараларды жоғары бағалады.
Өз кезегінде, М.Тілеуберді медициналық препараттар мен ПЦР-сынақтар ретіндегі гуманитарлық көмек, сондай-ақ жапондық мамандарына бейнеконференция арқылы консультациялық жәрдем көрсеткені үшін Жапония Үкіметіне ризашылығын білдірді. COVID-19 індетінің жаһандық таралуына қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Сондай-ақ, Министрлер екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Тараптар қазіргі стратегиялық әріптестіктің жағдайына орай қанағаттанушылық білдіріп, биік деңгейдегі саяси диалогты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті, оның ішінде екіжақты үкіметаралық комиссияның, сондай-ақ «Орталық Азия + Жапония» диалогының кезекті отырыстарын өткізу арқылы жандандыру туралы уағдаластықа қол жеткізілді.