Қазақстан Сыртқы істер министрінің Түрікменстан Президентімен кездесуі туралы

Қазақстан Сыртқы істер министрінің Түрікменстан Президентімен кездесуі туралы

Ашхабад, 2023 жылғы 1 қараша – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді Ашхабадқа ресми сапары барысында Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов қабылдады.

Түрікменстан басшысы екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін, стратегиялық әріптестікті тереңдетуді, жоғары және аса жоғарғы деңгейлерде орнықты саяси диалогты дамытуды, сондай-ақ екі елдің екіжақты форматта да, халықаралық өңірлік ұйымдар шеңберінде де тиімді өзара іс-қимылын қанағаттанушылықпен атап өтті.

Министр М.Нұртілеу Түрікменстан Президентіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі тілектері мен сәлемін жеткізді.

ҚР Сыртқы саяси ведомствосының басшысы сұхбаттасын қазақ-түрікмен қарым-қатынастарының өзекті жай-күйі мен даму перспективалары туралы хабардар етті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 70%-дан астам өсіп, 440 млн АҚШ долларына жеткен тауар айналымы өсімінің оң динамикасы қанағаттанарлықпен аталып өтті.

Қазақстан мен Түрікменстан өздерінің мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық ресімдеуді толығымен аяқтады. Достық, бауырластық және тату көршілік рухында қазақ-түрікмен көпжоспарлы ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге өзара қызығушылық білдірілді.

Бұл тұрғыда өңіраралық және шекара маңындағы өзара іс-қимылды нығайту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту және түрлі салалардағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.