Астанада МСАК бойынша Жаһандық конференция өтті

Астанада МСАК бойынша Жаһандық конференция өтті

Астана, 2023 жылғы 22 – 26 қазан – Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) бойынша Алматы декларациясының 45 жылдығына және МСАК бойынша Астана декларациясының бес жылдығына арналған Жаһандық конференция, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясы өтті.

Аталған іс-шараларға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов, ДДСҰ Бас директоры Тедрос Гебрейесус, ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге, бірқатар денсаулық сақтау министрлері, көрнекті қайраткерлер, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы сарапшылары және т. б. қатысты.

Мемлекет басшысы МСАК жөніндегі жаһандық конференцияда сөйлеген сөзінде Халықаралық денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру және Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ісіндегі Алматы және Астана декларацияларының ерекше маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі елдер коалициясын құруды ұсынды.

Сонымен қатар, ү.ж. 23 қазанында конференцияның аясында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаровтың ДДСҰ-ның МСАК жөніндегі арнайы бағдарламасының директоры Сурайя Далильмен кездесуі өтті. Тараптар Мемлекет басшысы айтқан МСАК-ты қолдау жөніндегі халықаралық коалиция құру туралы бастаманы талқылады, саяси динамиканы сақтау және МСАК әлеуетін барынша пайдалану қажеттігін атап өтті, сондай-ақ Женева және Нью-Йорк алаңдарында Қазақстан мен ДДСҰ серіктестігін кеңейту жолдарын талқылады.

ДДСҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясының отырысы барысында денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері, оның ішінде Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, жұқпалы және жұқпалы емес аурулармен күресу, денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ден қою, өңірлік стратегияларды қалыптастыру және т. б. мәселелер талқыланды.

Анықтама: Еуропалық өңірлік комитеті –ДДСҰ-ның Еуропалық аймақ деңгейіндегі басқарушы органы, жыл сайын 53 мүше мемлекеттің қатысуымен, қатысушы елдердің бірінің шақыруы бойынша немесе Копенгаген қаласындағы Еуро ДДСҰ кеңсесінде өтеді.

Іс-шара қорытындысы бойынша еуропалық өңірде денсаулық сақтауды одан әрі дамыту бойынша қарарлар, шешімдер, стратегиялық бағдарламалар қабылданады, алдағы жылдарға арналған ДДСҰ бюджеті қаралады.