Мазмұны:
2023 жылғы 16-20 қазан аралығында Самарқанд қаласында (Өзбекстан) Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы жыл сайын өтетін Дүниежүзілік туристік ұйымы Бас Ассамблеясының (UNWTO) кезекті 25-сессиясына қатысады. Қазақстандық делегация құрамына Сыртқы істер министрлігінің, «Kazakh Tourism» ҰК және отандық жоғары оқу орындарының өкілдері кірді.
Іс-шара аясында қазақстандық делегация туризм саласында инвестициялар тартуға және білім беруді дамытуға арналған жаһандық форумдарға қатысады. Бұл туризм саласындағы шетелдік әріптестердің тәжірибесін зерделеуге, өз мүмкіндіктерін таныстыруға және қатысушыларға мемлекетіміздің осы саладағы басымдықтары мен мақсаттарын жеткізуге мүмкіндік береді.
2023 жылғы 22-26 қазан аралығында Астана қаласында Алматы декларациясының қабылданғанына 45 жыл толуына және алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша Астана декларациясының қабылданғанына 5 жыл толуына арналған алғашқы Медициналық-санитарлық көмек бойынша жаһандық конференция өтеді, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясы өтеді.
Іс-шараларға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус, Ұйымның Еуропалық аймақтық бюросының директоры Ханс Анри П.Клюге, ЮНИСЕФ-тің Еуропа бойынша аймақтық директоры Регина Де Доминичис, сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттердің 80-нен астам ресми делегациялары, сондай-ақ халықаралық және аймақтық ұйымдардың өкілдері қатысады. Барлығы Астанада өтетін іс-шараларға 650-ден астам делегат қатысады, ал 2000-нан астам адам онлайн режимде қосылады деп жоспарлануда.
2023 жылғы 18 қазанда Астана қаласында Қазақстан және Болгария Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде саяси консультациялар өтеді. Қазақстандық делегацияны Министрдің орынбасары Роман Василенко, ал болгар тарапын – Министрдің орынбасары Тихомир Стойчев басқарады.
Тараптар екіжақты қатынастардың күн тәртібін және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды талқылайды, сондай-ақ жаһандық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасады.
2023 жылғы 18-21 қазанда Еурокомиссияның Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоратының жоғары лауазымды кеңесшісі Хенрик Хололей Қазақстанға сапармен келеді.
Сапар барысында ЕО өкілі Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаевамен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Малик Олжабековпен, сондай-ақ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры және «Қазақстан темір жолы» АҚ төрағасымен кездесулер өткізеді.
Сонымен қатар Еурокомиссия өкілі Ақтау және Алматы қалаларына барып, жергілікті билік пен бизнес өкілдерімен кездеседі және Ақтау және Құрық порттарымен танысады.
Сапардың мақсаты – Қазақстанның көлік-логистикалық секторының дамуымен танысу, Еуропа мен Орталық Азия арасындағы тұрақты көлік байланыстары бойынша Еуропа қайта құру және даму банкінің зерттеуін, сондай-ақ осы ұсынымдардың іске асырылу барысын талқылау.
Сапар 2024 жылдың қаңтарында Брюссельде өтетін инвесторлар форумына дайындық кезеңі ретінде өтеді.
2023 жылғы 19 қазанда Брюссель қаласында «ЕО мен Қазақстан арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру шеңберінде бизнес пен азаматтар үшін негіздемелік жағдайларды одан әрі жетілдіру» тақырыбында Берлин Еуразиялық клубының 38-ші отырысы өтеді.
Іс-шара мемлекеттік және жеке сектор өкілдеріне Келісімнің ағымдағы жай-күйі және оны тиімді іске асыру жөніндегі одан арғы қадамдар туралы пікір алмасуға мүмкіндік береді.
Отырысқа Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, негізгі еуропалық институттардың ресми тұлғалары, сондай-ақ еуропалық және қазақстандық бизнес өкілдері қатысады.
2023 жылғы 23 қазанда Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Люксембургке сапары өтеді.
Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы «Орталық Азия – ЕО» министрлік кездесуіне және «ҚР - ЕО» ынтымақтастық кеңесінің 20-шы мерейтойлық отырысына қатысады.
Сапар аясында ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Борреллмен, сондай-ақ бірқатар Еуропа елдерінің Сыртқы істер министрлерімен екіжақты кездесулер жоспарланған.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі халыққа қызмет көрсетудің ыңғайлылығы мен сапасын арттыру үшін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру бойынша бірқатар шаралар қабылдады.
Қазақстан азаматтарына мемлекеттік қызметтерді барынша қолдануға ыңғайлы болу үшін бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінде «egov.kz» портал арқылы көрсетілетін 17 қызметтің 10-ы іске қосылды. Шетелде азаматтық хал актілерін тіркеу, жекелеген санаттағы электрондық визаларды беру, консулдық есепке қою және алу, шетелде ЭЦҚ алу, сондай-ақ Қазақстандағы шетелдік инвесторлық қызметпен байланысты электрондық өтініш беру процесі автоматтандырылды.
Азаматтардың сұраныстарын өңдеу уақытын қысқарту мақсатында мемлекеттік ақпараттық жүйелер белсенді қолданылады. Бұл шара шетелдегі Қазақстан азаматтарының паспорттарын ресімдеу мерзімін, Қазақстан азаматтығын, отбасылық жағдайын және басқа да сұраныстарды растауды 3 айдан 1,5 айға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. «Vmp.gov.kz» визалық-көші-қон порталы арқылы елге оралуға арналған куәлікті ресімдеу процесін автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
2023 жылғы қазандағы жағдай бойынша АХАЖ ақпараттық жүйесіне 85 шет елдердегі мекеме, ХҚКО интеграцияланған ақпараттық жүйесіне – 66, шет елдердегі мекемелерде құжаттау жөніндегі тіркеу пунктіне – 22 қол жеткізе алады.
Қазақстанның 66 шет елдердегі мекемелерінде Қазақстан азаматтарына ыңғайлы болу үшін ЭЦҚ беру және «электрондық үкімет» порталының барлық қызметтеріне қол жеткізу жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта осы қызметке қосымша 22 консулдық мекемені қосу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
«Ұлттық Ақпараттық Технологиялар» АҚ бірлесіп консулдықтарға баруды жоспарлау және «адамдар кезегінің» қолайсыздығын болдырмау үшін онлайн-брондау сервистері әзірленді. Бұл сервис еліміздің 84 шет елдердегі мекемелерінде жұмыс істейді.
Сонымен қатар «egov.kz» порталында консулдық қызметтер бөлімі құрылып, бұл электрондық түрде қызмет көрсетуге (өтінімдерді жіберуге), кез келген кезеңде өтінімді өңдеуді бақылауға мүмкіндік береді.
Азаматтардың өтініштерін «е-Өтініш» порталы арқылы тікелей шетелдегі мекемелерде қарауға мүмкіндік берілді. Бұл өтініш берушілерге жауап дайындау уақытын қысқартады. Бүгінгі таңда порталға 31 шетелдік мекеме қосылған, ағымдағы жылдың қазан айының соңына қарай барлық қалған шетелдік мекемелерді қосу жоспарлануда.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және сыртқы саясат ведомствосының қызметі бойынша жұмыс ҚР СІМ жобалық басқармасы мен жобалау кеңсесінің қызметін енгізу шеңберінде жүргізілуде.
Израиль мен Палестинадағы әскери-саяси жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ҚР азаматтарын қақтығыс аймағынан шығару бойынша шаралар қабылдауда. Бұл мәселені шешу үшін Қазақстанның Израильдегі, Мысырдағы және Иорданиядағы елшіліктері жұмылдырылған.
Ү.ж. 16 қазандағы жағдай бойынша Израильдегі ҚР Елшілігіне 100-ден астам ҚР азаматы елден кетуге жәрдем көрсету туралы өтініш жасады. Олардың бір бөлігі қазақстандық дипломаттардың көмегімен елден кетіп қалды. Кеше Қазақстанның Израильдегі Елшілігінің көмегімен 19 азаматымыздың, оның ішінде арнайы бағдарламалар бойынша оқыған 15 баланың ұшып шығуы ұйымдастырылды. Азаматтарымыздың қауіпсіз кетуін қамтамасыз ету мақсатында дипломаттар балаларды Израильдің әртүрлі аймақтарынан әуежайға дейін жеткізуін жүзеге асырды. Израильдегі ҚР Елшілігі отандастарымызды елден ұшу және әуе билеттерді сатып алу мәселелері бойынша үйлестіруді жалғастыруда. Тель-Авив қаласының халықаралық әуежайы штаттық режимде өз жұмысын жалғастыруда.
Сонымен қатар Газа секторындағы жағдай өте күрделі. Қазақстанның Мысыр мен Иорданиядағы елшіліктері осы аудандағы азаматтарымызбен байланыста. Күнделікті негізде жергілікті билікпен отандастарымыз бен олардың отбасы мүшелерінің (100-ден астам адам, оның ішінде 67 ҚР азаматы) Газа секторынан Египетке Рафах өткізу пункті арқылы шығуы бойынша келіссөздер жүргізілуде. Қазақстаннан басқа тағы 45 ел елшілігі осындай келіссөздер жүргізуде. Кейбір отандастарымыз бен олардың отбасы мүшелері – шетелдік азаматтарда қандай да бір құжаттар жоқ. Осы және басқа да ұйымдастырушылық мәселелерді қазақстандық дипломаттар пысықтауда.
Қазақстанның Израильдегі, Иорданиядағы және Мысырдағы елшіліктері ҚР азаматтарының қазіргі орналасқан жері бойынша мониторинг жүргізеді, сондай-ақ қауіпсіз аймақтарға шығудың ықтимал жолдары бойынша пысықтау жұмыстарын атқаруда. Отандастарымызбен байланыс үшін өзекті деректер тұрақты негізде жаңартылып отырады. ҚР азаматтары арасында қаза тапқандар мен жараланғандар туралы мәліметтер тіркелмеген.