Астана, 2023 жылғы 5 қазан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Қазақстанда қоса қызмет атқаратын Уганда Республикасының Елшісі Мозес Кизиге, Гана Республикасының Елшісі Лесли Опоку-Варе мен Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасының Елшісі Адем Махмудтан сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.
Кездесулер барысында тараптар Қазақстан мен Африка елдері арасындағы саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты жандандыру бойынша пікір алмасты.
Қазақстан аталған мемлекеттермен БҰҰ, Африка Одағы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі және басқада халықаралық ұйымдар мен алаңдар аясында белсенді ынтымақтастық орнатып, өзара мүдделерге негізделген тұрақты қарым-қатынастарды жалғастыруда.
Уганда, Гана және Эфиопия экономикасы белсенді дамып келе жатқан Африка мемлекеттерінің қатарына жатады. Осы ретте ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, білім беру, медицина мен ветеринария сияқты салалар екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастық үшін өзара қызығушылық тудырады. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және көлік-логистика саласы ынтымақтастықтың аса перспективалы бағыттарына айналуы мүмкін.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар саяси диалогты, сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту және көпжақты форматтағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.