Қазақстан Елшісі Мальта Егеменді Орденінің басшысына сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Елшісі Мальта Егеменді Орденінің басшысына сенім грамоталарын тапсырды

Рим, 2023 жылғы 4 қазан – Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы және Мальта Егеменді Ордені жанындағы қоса атқарушы Елшісі Қайрат Саржанов Ұлы Магистр Джон Данлапқа сенім грамоталарын тапсырды.

Салтанатты рәсімнен кейін өткен әңгіме барысында Елші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Д. Данлапқа Мальта Орденінің басшысы болып сайлануына байланысты құттықтау сөздерін жеткізді. Қазақстандық дипломат әңгімелесушіні елімізде жүргізіліп жатқан өзгерістер контексінде Президенттің қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелері туралы хабардар етті. Ол қазақстандық тараптың екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілігін атап өтіп, оның ішінде гуманитарлық көмек пен дамуға ресми көмек көрсету бағыты бойынша өзара іс-қимыл перспективаларын белгіледі. 

Өз кезегінде Д. Данлап Қазақстан басшылығы мен халқына алғысын білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді. Мальта Орденінің басшысы ауқымды реформаларды іске асыруда табыс тіледі, Орденнің ынтымақтастықты жандандыруға дайындығын білдіріп, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің бірегейлігін атап өтті.