Астана, 2023 жылғы 26 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі Қорғаныс министрінің орынбасары Джеймс Хиппимен кездесу өткізді.
Сұхбат барысында тараптар қорғаныс саласындағы өзара іс-қимылды қоса алғанда, Қазақстан-британ ынтымақтастығының басым бағыттарын талқылады.
Екі ел арасында соңғы уақытта жанданған саяси байланыстар, сауда-экономикалық әріптестік және жемісті мәдени-гуманитарлық қатынастар атап өтілді.
Р. Василенко Қазақ тарапының Ұлыбританиямен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және кеңейтуге мүдделілігін атап өтті.
Кездесу аясында жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі көпжақты мәселелер мен өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасылды.
Министрдің орынбасары Р. Василенко Ұлыбритания қорғаныс ведомствосы өкілін Қазақстанның халықаралық ынтымақтастық пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бастамалары туралы хабардар етті.
Сұхбат соңында тараптар Қазақ-британ қатынастарының барлық бағыты бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға өзара дайындығын растады.
Анықтама: Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасындағы отыз жылдан астам дипломатиялық қатынас аясындағы ынтымақтастық пен диалогтың орнықты дамуына Стратегиялық диалог, Сауда және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, Іскер кеңесі және Ынтымақтастық жөніндегі жалпыпартиялық парламенттік топ сияқты екіжақты өзара іс-қимылдың тиімді тетіктері ықпал етеді.