СІМ-де дипломатиялық миссиясы аяқталған Нидерланд Елшісімен қоштасып, жаңа тағайындалған Елшіден сенім грамоталарының көшірмесі қабылданды

СІМ-де дипломатиялық миссиясы аяқталған Нидерланд Елшісімен қоштасып, жаңа тағайындалған Елшіден сенім грамоталарының көшірмесі қабылданды

Астана, 2023 жылғы 26 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Астанадағы дипломатиялық миссиясы аяқталған Нидерланд Корольдігінің Елшісі Андре Карстенске Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің алғыс хатын тапсырды.

Р. Василенко елші А. Карстенске Қазақстан мен Нидерланд арасындағы әріптестікті кеңейтуге қосқан елеулі үлесі, көп жылғы белсенді еңбегі және экология саласына бөлген көңілі үшін ризашылығын білдірді.

А. Карстенстің бастамасымен Нидерланд тарапы тарту еткен қызғалдақ мүсіні халықтарымыз арасындағы достықтың көрікті нышанына айналғаны және елорда Ботаникалық бағында лайықты орын алғаны аталып өтілді.

Сондай-ақ, кездесу барысында Р. Василенко Нидерландтың Қазақстандағы жаңадан тағайындалған Елшісі Нико Схермерстен сенім грамотаралының көшірмесін қабылдады.

Тараптар саяси және экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады. Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы шетелдік инвесторлар арасындағы жетекші рөлін ескере отырып, инвестициялық әріптестікті одан әрі ұлғайтуға ерекше көңіл бөлінді.

Дипломаттар екі ел арасындағы бизнес-миссиялармен белсенді алмасуды құптады. Сыртқы істер министрінің орынбасары Нидерландпен су ресурстарын басқару, ауыл шаруашылығы және басқа да перспективті салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастыққа қызығушылығын растады.

Анықтама: Нидерланд Қазақстанның ең ірі инвесторларының бірі және негізгі сауда-экономикалық әріптесі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 5,7 млрд АҚШ долларына жетті, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 27% жоғары (4,2 млрд АҚШ доллар). Нидерландтың Қазақстан экономикасына өткен жылы салған инвестициялары 8,3 млрд АҚШ доллар құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 19,7% өсім көрсетті. 2005 жылдан бері Нидерландтың елімізге салған тікелей инвестицияларының жалпы көлемі 114 млрд доллардан асты.