
Қалыптасқан дәстүр бойынша, жыл сайын Жеңіс күні – 9 мамырда қазақстандық дипломаттар фашизмге қарсы соғыста қан төккен жауынгерлерімізді еске алып, олардың батырлығына тағзым етеді.
Бүгін, Жеңістің 75 жылдығы күні, көптеген елдерде біздің дипломаттар қаза тапқан батырларды еске алып, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетті.
Қазақстанның Қырғызстандағы Елшісі Қайрат Нұрпейісов пен Елшілік қызметкерлері аңызға айналған ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бегелдиновтің ескерткішіне, Қазақстанның Армениядағы Елшісі Тимур Уразаев Еревандағы «Ана – Армения» монументі жанындағы Мәңгілік алауға, ҚР-ның Санкт-Петербургтегі Бас консулы Бауыржан Досманбетов Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ескерткішіне, ал Астрахань қаласында ҚР Консулдығының кеңесшісі Жанболат Мурзалин Қаланың бауырлас бағындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Елші Қайрат Сарыбай бастаған Қазақстанның Аустриядағы Елшілігінің дипломаттары Венаның орталық зиратындағы кеңес жауынгерлерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне, ал Қазақстанның Венгриядағы Елшісі Жәнібек Әбдірашов ТМД елдерінің Венгриядағы Елшілерімен бірлесіп, Кеңес жауынгерлерінің ескерткіштеріне, Сабадшаг алаңында және Керепеши зиратына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Қазақстанның Румыниядағы Елшісі Нұрбах Рүстемов ТМД елдерінің Елшіліктерімен бірге Бухарест қаласындағы Кеңес жауынгерлерінің мемориалында гүл шоғын қойып, қаза тапқандарды еске алды.
Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігінің дипломаттары мен Елші Әлібек Бақаев Германияда нацистік тұтқыннан қашу кезінде қаза тапқан және Швейцариядағы Базель қаласының маңындағы «Хернли» зиратында (Hörnli) жерленген кеңес сарбаздарының бауырластар зиратына гүл шоқтарын қойды.
Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Айгүл Құспан мен Елшілік дипломаттары Эвере коммунасының Брюссельдік зиратында орналасқан Бельгияда қаза тапқан Кеңес жауынгерлерінің монументіне, сондай-ақ құрамында Кеңес жауынгерлері де болған «бельгиялық Қарсылық» ескерткішіне гүл қойды.
Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Қаріпов пен ҚР ГФР-дағы Елшілігі жанындағы әскери атташе аппараты Қызыл Армия жауынгерлерін еске алу кешеніндегі әскери зиратқа, Берлин Трепттер паркіндегі «Жауынгер-азатшы» монументіне және Тиргартендегі қаза тапқан Кеңес жауынгерлерінің мемориалына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Роман Василенко және Елшіліктің ұжымы «Славин» әскери-мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Қазақстанның Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов пен Елшіліктің әскери атташесі Ербол Елубаев Иерусалим қаласындағы Қоршаудағы Ленинград қорғаушылары мен тұрғындарының ерлігіне арналған «Еске алу шырағы» монументіне және Нетания қаласындағы Қызыл Армияның нацистік Германияны жеңуіне арналған монументке гүл шоқтарын қойды.
Белгілі болатындай, Қазақ ССР-нен майданға 1 миллион 200 мыңнан астам жауынгер, 12 атқыштар, 4 кавалерия дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полктар мен батальондар жұмылдырылған.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері барлық ардагерлерді, тыл еңбеккерлерін, олардың отбасы мүшелерін Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтайды! Біз сіздерге зор денсаулық, игілік және бейбітшілік тілейміз! Ашық аспан мен бейбіт өмір сыйлағаны үшін Сіздерге тағзым етеміз.