Ұлы Жеңіске 75 жыл

Ұлы Жеңіске 75 жыл

Бүгін барлық адамзат ұлы мереке – фашизмнен азат еткен Жеңістің 75 жылдығын атап өтуде!

Қанды соғыстың нәтижесі даусыз – бұл Жеңіс, бірінші кезекте, барлық халықтарға ұлттық, нәсілдік, діни, әлеуметтік тиістілігіне және кемсітушіліктің басқа түрлеріне қарамастан өмір сүру құқығын қайтарып берді.

Көп ұлтты Қазақстан халқы фашизммен күреске қомақты үлес қосты. 6 млн. 200 мың қазақстандықтардың арасынан Екінші дүниежүзілік соғыс майданына 1 млн. 200 мыңға жуық отандасымыз шақырылды, 700 мыңнан астам адам майданға қажетті заттармен қамтамасыз ететін қорғаныс кәсіпорындарында еңбек вахтасын атқарды. Қазақстан аумағында 12 атқыштар мен 4 кавалериялық дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полктар мен батальондар құрылды. Қазақстандық әскери құрамалар барлық майдандарда ерлікпен шайқасты: Ленинградты қорғап, Сталинград пен Ржев түбінде және Курск иінде соғысты, ал Украинаны, Беларусьті, Молдованы және Еуропаның басқа елдерін босатты. Мәскеу түбіндегі шайқаста аты аңызға айналған 8-ші Гвардиялық Панфилов дивизиясы ерекше ерлік көрсетті. Ұлы Жеңіс тарихында жеңілген Рейхстаг қабырғасына алғашқылардың бірі болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың есімі өшпестей жазылған.

Майданға кеткен қазақстандықтардың жартысынан көбі соғыстан оралмады. 500-ден астам жерлесіміз Кеңес Одағы Батырының жұлдызы жоғары наградасымен марапатталды, 113 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденінің иегері болды.

75 жыл жаһандық соғыссыз өмір сүру – Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің игілігі болды. Қантөгістің қайталануына жол бермеу мақсатында оның нәтижесі бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылды, ал кейіннен Қазақстан оның шеңберінде жақсылық пен бейбітшілік идеяларын дәйекті түрде қорғайтын, қазіргі әлемдегі қауіп-қатерлерге қарсы тұратын басқа да халықаралық және өңірлік құрылымдар құрылды.

ҚР СІМ дипломатиялық әдістермен кез келген ықтимал қақтығыстар мен соғыстарды алдын алу, тоқтату және олардың таралуына жол бермеу үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Бұл біздің жеңімпаздар ұрпағы алдындағы парызымыз деп санаймыз!

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұжымы барлық ардагерлерді, тыл еңбеккерлерін, олардың отбасы мүшелерін Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтайды! Сіздерге бақыт, гүлдену және бейбітшілік тілейміз!