Мазмұны:
2023 жылғы 11 қыркүйекте Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Қазақстанға ресми сапармен келіп, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен келіссөздер өткізді.
Тараптар екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де салалардағы стратегиялық байланыстарды тереңдету жолдарын талқылады.
Сыртқы саяси ведомстволар басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, БҰҰ, Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) және басқа да халықаралық әрі өңіраралық құрылымдар шеңберінде бірлескен күш-жігерді үйлестіруді жалғастыруға келісті.
Жалпы, Түркияның Сыртқы істер министрі Х. Фиданның Қазақстанға сапары екі ел арасындағы ұзақмерзімді әріптестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды және бауырластық пен түркілік ниеттестік рухында өзара тиімді ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп күтілуде.
2023 жылғы 17-19 қыркүйекте Қытай коммунистік партиясының Біріккен майдан бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚХР Ұлттар істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің Төрағасы Пан Юэ бастаған делегация Қазақстанға келеді.
Бұл сапар этносаралық қатынастардағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан маңызды сипатқа ие. Сапар барысында Қазақстан Республикасының бейінді ведомстволарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізу жоспарланған, онда ұлтаралық қатынастарды дамыту және екі ел арасында тәжірибе алмасу мәселелері талқыланады.
2023 жылғы 14-15 қыркүйекте Қытай тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың «Қытай-Еуропа» жүк пойыздарының 1-ші ынтымақтастық форумына бас қонақ ретінде қатысу үшін Ляньюньган қаласына жұмыс сапары өтеді.
Бұл форумға қытай тарапынан Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитетінің қытай бөлімінің тең Төрағасы, ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьер-Министрінің орынбасары Дин Сюэсян, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Сербия, Мажарстан және басқа да елдердің бейінді министрліктерінің басшылары қатысады.
Сапар бағдарламасында ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьер-Министрінің орынбасары Дин Сюэсянмен екіжақты кездесу көзделген. Сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-транзиттік салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланады.
Сонымен қатар, жетекші қытайлық компаниялармен кездесулер өткізу және Ляньюньган портындағы Қазақстан-Қытай логистикалық терминалына бару жоспарлануда.
2023 жылғы 13 қыркүйекте Душанбе қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Орталық Азия мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысады.
Қатысушылар күн тәртібіне сәйкес Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алдағы Бесінші консультативтік кездесуіне дайындық барысын, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы түрлі бағыттардағы одан әрі өзара іс-қимылдың перспективалары мен контурларын талқылайды, сондай-ақ өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасады.
2023 жылғы 17-22 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БҰҰ Бас Ассамблеясының Нью-Йорк қаласындағы 78-ші сессиясының жоғары деңгейдегі сегментіне қатысады.
Қазақстан СІМ басшысының БҰҰ желісі бойынша көпжақты іс-шараларға қатысуы, сондай-ақ Америка, Еуропа, Азия және Таяу Шығыс мемлекеттерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен, Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Өркениеттер альянсының Бас хатшыларымен екіжақты кездесулер жоспарлануда.
Оған қоса, БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңдарында Түркі мемлекеттері ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезектен тыс отырысы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (Азия Кеңесі, АӨСШК) Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің жұмыс кездесуі өтеді.
2023 жылғы 20 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезектен тыс отырысы өтеді.
Күн тәртібіне Шанхай ынтымақтастық ұйымын дамыту перспективалары, оның әлеуетін жетілдіру, сондай-ақ өзекті халықаралық және өңірлік проблемалар тұрғысынан аталған ұйымның БҰҰ-мен өзара іс-қимылын тереңдету мәселелері кіреді.
Аталған іс-шара Мемлекет басшысының ШЫҰ тетіктері мен органдарының қызметін реформалау жөніндегі бастамасын іске асыру бойынша пікір алмасу мақсатында өткізіледі.
2023 жылғы 21 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында Қазақстан Республикасының төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысы өтеді.
Іс-шараға АӨСШК мүше мемлекеттерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қатысып, 6-шы Саммиттің шешімдерін іске асыру мәселелері мен Азия Кеңесінің күн тәртібіндегі өзекті сұрақтарды талқылайды. Кездесу қорытындысы бойынша Азия кеңесін трансформациялау туралы Жол картасы және Сыртқы істер министрлері кеңесінің тұрақты даму мақсатында волонтерлікті ілгерілету туралы мәлімдемесінің қабылдануы жоспарлануда.
2023 жылғы 22 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында Түркі мемлекеттері ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысы өтеді.
Отырысқа Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатысады. Қатысушылар 2023 жылғы 3 қарашада Астана қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммитіне дайындық, БҰҰ Бас Ассамблеясында Түркі мемлекеттері ұйымының байқаушы мәртебесін алу, сондай-ақ Ұйым шеңберінде ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың басқа да мәселелерін талқылайды.
2023 жылғы 25-27 қыркүйекте Астана қаласында «EXPO» халықаралық көрме орталығының аумағында «Иннопром. Қазақстан-2023» атты халықаралық өнеркәсіптік көрмесі өтеді.
Көрменің мақсаты өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, инвестициялар тарту, сауда ынтымақтастығын кеңейту және жаһандық тәжірибе алмасу болады.
Көрмеде Қазақстан мен Ресейдің негізгі өнеркәсіптік компаниялары, сондай-ақ Армения, Беларусь және Еуразиялық экономикалық одақ, Пәкістан, Түркия, Үндістан, Иран, Әзербайжан және басқа да елдердің жекелеген компаниялардың экспозициялары ұсынылады.
Іс-шараға жоғары қонақтар – Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин мен Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Роман Головченконың қатысуы жоспарлануда.
2023 жылғы 15-17 қыркүйекте Вьетнам Социалистік Республикасы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Выонг Динь Хуэ мен Парламентаралық одағының төрағасы Дуаэрте Пашекуның шақыруымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Сенаты депутаттарының Вьетнамға сапары өтеді.
Сапар барысында «Цифрлық трансформация және инновациялар арқылы тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі жастардың рөлі» тақырыбында Парламентаралық одақ шеңберінде жас парламентшілердің 9-шы жаһандық конференциясына қатысу жоспарлануда.
Сондай-ақ, Вьетнам Ұлттық жиналысының депутаттарымен екіжақты кездесулер жоспарланған.