Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылады

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылады

Астана, 2023 жылғы 11 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға ресми сапармен келген Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен келіссөздер жүргізді.

Министр М. Нұртілеу түрік әріптесіне тарихи отанында ілтипат білдіре отырып, Түркияның СІМ басшысы лауазымына жақында тағайындалуымен, сондай-ақ Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толуымен және түрік дипломатиясының 500 жылдығымен құттықтап, бауырлас халыққа одан әрі даму мен өркендеу тіледі.

Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де салалардағы стратегиялық байланыстарды тереңдету бойынша нақты қадамдарды талқылады.

Сонымен қатар сыртқы саяси ведомстволар басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, БҰҰ, Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) және басқа да халықаралық әрі өңіраралық құрылымдар шеңберінде бірлескен күш-жігерді үйлестіруді жалғастыруға келісті.

«Түркия Қазақстанның жақын серіктесі және біздің халықтарымызды терең тарихи қатынастар байланыстырады. Соңғы жылдары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы мамырда Түркияға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне дейін көтерілген екіжақты қарым-қатынастарда оң динамика байқалады. Өткен жылғы қазан айында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-ші отырысы сәтті өткен», – деді М. Нұртілеу.

Екі елдің дипломаттары жыл сайын көлемі артып келе жатқан инвестициялар саласындағы мәселелерге ерекше назар аударды. Соңғы 13 жылда Қазақстанға түрік инвестицияларының жалпы ағыны
4,7 млрд АҚШ долларын құрады, ал қазақстандық тарап Түркия экономикасына 1,2 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салды.

ҚР СІМ басшысының айтуынша, Қазақстанда түрік кәсіпкерлеріне бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалған, мұнда түрік капиталының қатысуымен 4 мыңнан астам компания табысты жұмыс істейді. Қазақстан елордасында көптеген ғимараттар салған түрік мердігерлерінің табысы 27 млрд АҚШ долларын құрады.

Тараптар Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия аумақтары арқылы Еуропа елдеріне өтетін Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (Орта дәліз) әлеуетін ашу маңыздылығын атап өтті.

Екі елдің авиация саласындағы өзара іс-қимылы жоғары бағаға ие. Өткен жылдың өзінде ұшу саны екі есеге – 40-тан 90-ға дейін өсті. Тараптардың пікірінше, ұшу географиясының кеңеюі екі ел арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, инвестициялық және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.

«Біздің үкіметтеріміз қабылдаған кешенді шаралар мен кәсіпкерлердің күш-жігерінің арқасында 2022 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда 6,3 млрд АҚШ доллары көлеміндегі рекордтық санға жетті. Түркия Ресей, Қытай және Италиядан кейінгі еліміздің 4-ші ірі сауда серіктесі болды», – деп атап өтті Қазақстан СІМ басшысы.

Қазақстанның көпжақты дипломатиясының маңызды бағыттарының біріне айналған түркі интеграциясы аясындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық назардан тыс қалмады.

Түрік тарапы осы жылғы қараша айында Астанада өтетін және түркі әлемінің дамуына жаңа серпін беретін ТМҰ 10-шы мерейтойлық саммитіне шақырылды.

Жалпы, Түркия Сыртқы істер министрі Х. Фиданның Қазақстанға сапары екі ел арасындағы ұзақмерзімді әріптестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды және бауырластық пен түркілік ниеттестік рухында өзара тиімді ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп күтілуде.