Қазақстан СІМ-де еліміздің бастамалары бойынша дипломатиялық корпусына арналған брифинг өтті

Қазақстан СІМ-де еліміздің бастамалары бойынша дипломатиялық корпусына арналған брифинг өтті

Астана, 2023 жылғы 5 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров дипломатиялық корпус үшін «Халықаралық қауіпсіздікке және орнықты дамуға қатысты Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының өзекті мәселелері» тақырыбында брифинг өткізді.

Іс-шара барысында Қ.Омаров шетелдік дипломаттарды Женевада (Швейцария) Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті (БҚХА) және Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия және Ауғанстан елдері үшін тұрақты дамудың өңірлік хабын құру жөніндегі еліміздің бастамаларымен таныстырды. Сондай-ақ, Венада (Аустрия) Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікте (АЭХА) егеменді теңдікті қалпына келтіру мәселесін ілгерілету барысы туралы хабарлады.

Қ. Омаров әлемді шарпыған COVID-19 пандемиясының ауыр салдары аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҚХА-ны құру туралы бастама көтергенін атап өтті. Агенттік биологиялық әзірлемелерді әскери мақсатта пайдалануды болдырмау арқылы жаһандық биологиялық қауіпсіздікті нығайтуға және бейбіт биологиялық зерттеулерге жәрдемдесуге бағытталған. Бұл алаң дамыған және дамушы елдер арасындағы тәжірибе алмасуға және ынтымақтастықты ілгерілетуге де ықпал етеді. БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің көпшілігі Қазақстанның бастамасын оң бағалайды.

Қ.Омаров өңірімізді бейбітшілік, қауіпсіздік және өркендеу аумағына айналдыру мақсатында Орталық Азия және Ауғанстан елдері үшін орнықты даму жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығын құру бастамасын алға тартып жатқанын да хабарлады. Мұндай орталықты БҰҰ Плазада – Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевпен 2019 жылы Алматыда ашылған ғимаратта орналастыруға болады, онда қазірдің өзінде БҰҰ агенттіктерінің 18 өкілдігі орналасқан. Өңірлік орталықты құру Қазақстанның және Орталық Азияның басқа да елдерінің кедейшілікті жою, климаттың өзгеруімен күресу, гендерлік теңдікті нығайту, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жақсарту және т.б. күш-жігеріне жәрдемдесу жөніндегі БҰҰ агенттіктерінің қызметін үйлестіруді күшейтеді.

Қазақ дипломаты АЭХА-ға қатысты Қазақстан Агенттіктің жауапты мүшесі бола отырып, оның ешбір өңірлік тобына кірмейтінін, бұл еліміздің осы халықаралық органның жұмысына толыққанды қатысуына кедергі келтіретінін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан 2023 жылдың қыркүйегінде өтетін АЭХА-ның Бас конференциясына Агенттіктің өңірлік топтарына кірмейтін елдердің құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған қарарды ұсынбақ.