Қазақстанның Тұрақты өкілі ЕҚЫҰ Бас хатшысына сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстанның  Тұрақты өкілі ЕҚЫҰ Бас хатшысына сенім грамоталарын тапсырды

Вена, 2023 жылғы 28 тамыз – Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмидке сенім грамоталарын табыстады. Бұл рәсім Аустрия астанасында ЕҚЫҰ Хатшылығының штаб-пәтерінде өтті.

ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің жаңа мүшесін қарсы алған Бас хатшы қазақстандық дипломатты жаңа лауазымға тағайындалуымен құттықтап, Қазақстан Ұйымның белсенді қатысушысы болып табылатынын және оның қызметіне елеулі үлес қосатынын атап өтті. Өз кезегінде, М. Тілеуберді Хатшылықтың ұйым жұмысын үйлестіру жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалап, ЕҚЫҰ-ның экономикалық-экологиялық өлшем әлеуетін одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.

Сол күні М. Тілеуберді Қазақстанның Венадағы Елшісі ретінде Аустрия Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Петер Лаунски-Тиффентальға сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті.

Қазақстандық дипломат 2022 жылы Нью-Йорк қ. БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысы аясында өткен Қазақстан мен Аустрия президенттерінің жемісті кездесуін назарға алды. Одан әрі «аса жоғары деңгейдегі» және «жоғары деңгейдегі» сапарлар кестесі, сондай-ақ саяси және экономикалық диалогты нығайтуға бағытталған бірлескен күш-жігерді үйлестіру мәселелері талқыланды.

Екіжақты қарым-қатынастарды тереңдету, өзара сауданы ұлғайту және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне өзара қызығушылық білдірілді.