Астана, 2023 жылғы 28 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Чехия Елшісі Рудолф Гиклді Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады.
Кездесу аясында Р. Василенко Елшіге екі ел арасындағы екіжақты саяси және сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға қосқан жеке үлесі үшін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің атынан алғыс хатты табыстады.
«Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропа өңіріндегі сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі Чехиямен жан-жақты және өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыту болып табылады. Чехия Қазақстанның ЕО елдері арасындағы маңызды сауда серіктестерінің бірі», – деп атап өтті Р. Василенко.
Әңгіме барысында соңғы жылдары қол жеткізілген саяси диалог пен сауда-экономикалық ынтымақтастық деңгейіне жоғары баға берілді. 2023 жылғы 23-24 сәуірде Чехия Премьер-министрі Петр Фиаланың Қазақстанға ресми сапары бірқатар үкіметаралық құжаттарға қол қоюға мүмкіндік беріп, дәстүрлі достық Қазақстан-Чех қатынастарының барлық кешенін дамытуға қосымша серпін тигізгені атап өтілді.
Тараптар Қазақстан мен Чехия арасындағы саяси қатынастардың жоғары деңгейі сауда-экономикалық әлеуетті де іске асыру үшін қолайлы жағдайлар қалыптастырғанын атап өтті. 2023 жылдың күзінде Астана қаласында жоспарланған Экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссия екі елдің өзара іс-қимылын нығайту мен дамытудың пәрменді тетігі болып табылады.
Кездесу соңында Р. Василенко Чехия Елшісіне жоғары деңгейдегі байланыстарды жандандырудағы белсенді қызметі үшін алғыс айтып, алдағы қызметіне табыс тіледі.
Р. Гиклдің Қазақстандағы Чехия Елшісі ретіндегі бес жылға жуық жұмыс кезеңі Қазақстан өңірлері бойынша көптеген сапарларға, сондай-ақ облыс басшыларымен, ресми тұлғалармен, сондай-ақ жергілікті тұрғындармен кездесулерге толы болды. Елші еліміздің қоғамдық өміріне белсенді атсалысып, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысты.
Р. Гикл Қазақстандағы миссиясы барысында тұрақты қолдау мен қонақжайлылық көрсеткені үшін қазақстандық тарапқа алғысын білдіріп, саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық мәселелердің барлық спектрі бойынша берік және үйлесімді екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға сенім білдірді.
Анықтама: Қазақстан мен Чехия арасындағы өзара сауда көлемі 2022 жылы 67% - ға өсіп, 423 млн АҚШ долларын құрады, соның ішінде экспорт – 123,7 млн АҚШ доллар (өсім 41,8%), импорт – 299,4 млн АҚШ доллар (өсім 80,9%).
2005 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстанға Чехиядан 280 млн АҚШ доллар тікелей инвестиция салынды.
2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда чех капиталының қатысуымен 158 жуық кәсіпорын қызмет етеді. Олардың арасында Fosfa, Puro Klima, Home Credit, Linet және Ravak сияқты танымал чех компаниялары бар.