
Сантьяго, 2023 жылғы 23 тамыз – Чили астанасында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров пен Чили Республикасының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Глория Фуэнтенің төрағалығымен Қазақстан-Чили саяси консультациялардың үшінші раунды өтті.
Келіссөздер барысында тараптар бір-бірін – Қазақстан мен Чили арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуымен құттықтады, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастардың ауқымды мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, жоғары деңгейдегі екіжақты сапарларды ұйымдастырудың және парламентаралық байланысты нығайтудың маңыздылығына назар аударылды. Келіссөздерге қатысушылар өткен жылы қызметі мәдени және академиялық алмасуды кеңейтуге бағытталған Қазақстан-Чили достық қоғамының құрылуын жоғары бағалады.
Жаһандық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер және көпжақты платформалардағы өзара іс-қимыл бойынша пікір алмасу өтті. Тараптар құрушылардың бірі Чили болып табылатын Тынық мұхиты альянсымен байланыстарды дамыту перспективаларын, сондай-ақ ЭЫДҰ аясындағы белсенді өзара іс-қимылын ерекше атап өтті.
Ынтымақтастықтың сауда-экономикалық және инвестициялық бағытында шетелдік инвесторларды тарту мәселелері, экономиканы жаңғырту және шетелдік инвесторларды қорғау жөніндегі мемлекеттік шаралар талқыланды. Осыған байланысты чилилік «ME Elecmetal» компаниясының Қазақстан Республикасында инвестициялық жобаны жүзеге асыру жөніндегі жоспарлары оң бағаланды.