Астана, 2023 жылғы 23 тамыз – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Америка Құрама Штаттары Сенатының Ұлттық қауіпсіздік және үкіметтік істер жөніндегі комитетінің төрағасы сенатор Гэри Питерспен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің кең ауқымын, соның ішінде энергетикалық қауіпсіздік, көлік бағыттарын әртараптандыру, өзара сауда және инвестициялық ынтымақтастықты талқылады.
ҚР cыртқы саяси ведомствосының басшысы кеңейтілген стратегиялық әріптестік шеңберінде Қазақстан-Америка ынтымақтастығының дамуын қанағаттанушылықпен атап өтіп, қатынастардың барлық кешенін одан әрі жандандыруға дайындығын білдірді.
Өз кезегінде АҚШ сенаторы Мемлекет басшысының елімізде жүргізіп жатқан саяси және экономикалық реформаларға жоғары баға беріп, заң үстемдігін қамтамасыз ету, демократияны нығайту және азаматтық қоғамды дамыту ісінде ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Астанаға сапар бағдарламасы аясында сенаторды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. Сондай-ақ оның ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевпен және ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовпен кездесулері жоспарланған.
Анықтама: Гэри Питерс – Мичиган штатынан сайланған АҚШ сенаторы, Демократиялық партияның мүшесі. Сенаттың Ұлттық қауіпсіздік және үкіметтік істер жөніндегі комитетінің, Сенаттың ішкі қауіпсіздік министрлігін қадағалайтын жоғары қадағалау комитетінің төрағасы болып табылады. Cонымен қатар Г. Питерс АҚШ Сенатының Қарулы күштер, Сауда, ғылым және көлік пен Қаржыландыру (Ассигнования) комитеттерінің құрамына кіреді.