Мазмұны:
2023 жылғы 11 тамызда Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының (ЕҚЫҰ) қазіргі төрағасы, Солтүстік Македонияның Сыртқы істер министрі Буяр Османи Қазақстанға ресми сапармен келеді.
Сапар аясында Б.Османидің ел басшылығымен, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевпен, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен, сондай-ақ ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменовамен кездесулері жоспарлануда.
Келіссөздер барысында Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен өзара іс-қимылының өзекті мәселелері, сондай-ақ еліміз бен Солтүстік Македония арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасу өтеді.
2023 жылғы 13-17 тамызда тауар айналымын ұлғайту және Қытай тарапымен сауда-экономикалық байланыстарды жолға қою мақсатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің Қытай Халық Республикасының – Шэньчжэнь, Шандун, Бейжің және Үрімші қалаларына жұмыс сапары жоспарлануда.
Сапар аясында бірлескен кәсіпорындар құру, ет өнімдерінің экспортын ұлғайту, инвестициялар тарту және көлік-логистикалық ынтымақтастық саласында екіжақты келіссөздер жүргізу жоспарлануда.
Қазақстандық делегация Үрімші қаласында өтетін «Қытай-Еуразия» ЭКСПО халықаралық көрмесіне барып қайтады.
2023 жылғы 10 тамызда Астана қаласында гибридті форматта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дипломатиялық корпусқа арналған брифингі өтеді. Аталған брифингтің тақырыбы Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі жаһандық конференцияға және ДДҰ Еуропалық аймақтық комитетінің 73-ші сессиясына арналған, сәйкесінше бұл іс-шаралар ү.ж. 22-23 және 24-26 қазанда Астанада өтуі жоспарланған.
Жаһандық конференция Алматы Декларациясының қабылдануының 45 жылдығына және алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша Астана декларациясының 5 жылдығына орайластырылған.
Брифинг ДДҰ Еуропалық өңірлік бюро басшылығының Қазақстанға сапары аясында өтеді. Іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров, ДДҰ басшылығы, дипломатиялық корпус өкілдері және басқа да мүдделі тараптар қатысады.
2023 жылғы 9-11 тамызда Қазақстан Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимованың Сот төрағаларының халықаралық форумына (ICJGF) қатысу үшін Индонезияға сапары өтеді.
Іс-шара барысында қатысушылар конституциялық юрисдикциялар арқылы демократияны нығайтудың ағымдағы сын-қатерлері мен болашақ бағыты талқыланады.
Қазақстан мен Индонезияның конституциялық соттары Азия елдерінің конституциялық соттары мен баламалы институттары қауымдастығына мүшелік шеңберінде ынтымақтасатынын атап өткен жөн.