Астанада Қазақстан мен Бразилияның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың бесінші раунды өтті

Астанада Қазақстан мен Бразилияның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың бесінші раунды өтті

Астана, 2023 жылғы 30 маусым – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров пен Бразилияның Сыртқы істер министрінің орынбасары Эдуардо Сабойаның төрағалығымен қазақ-бразилиялық саяси консультациялардың бесінші раунды өтті.

Екіжақты келіссөздер саяси диалог пен сауда-экономикалық қатынастардың кең ауқымын талқылауды қамтыды.

Қ. Омаров Қазақстан мен Бразилия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын ескере отырып, аталған іс-шараның символдық мәнін атап өтті.

Э. Сабойа Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалай отырып, Бразилия да қоғамның бірігуі мен үкіметтің есеп беруге міндеттілігіне бағытталған саясат жүргізіп жатқанын атап өтті. Дипломаттар екі елдің сыртқы саяси мүдделері мен басымдықтарының сәйкес келетіндігіне назар аударды. Көпжақты ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдың оң динамикасы да айтылды.

Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің маңыздылығын қоса алғанда, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылау аясында бразилиялық тарап Қазақстанның Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік пен Алматыда БҰҰ Өңірлік орталығын құру жөніндегі бастамаларына қызығушылық білдірді.

Саяси консультациялардың қорытындысы бойынша тараптар өзара сапарлармен алмасу және бірлескен іс-шаралар өткізу арқылы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге уағдаласты.

Анықтама: 1993 жылғы 22 қыркүйекте Қазақстан мен Бразилия арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды.