Мазмұны:
2023 жылғы 29 маусымда Люксембург Ұлы Герцогтігінің Сыртқы және еуропалық істер министрі Жан Ассельборн Қазақстанға ресми сапармен келеді.
Сапар барысында Министр Ж. Ассельборн ел басшылығымен, Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен, ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспанмен, сондай-ақ экономика саласындағы министрліктердің басшыларымен екіжақты кездесулер өткізеді.
Кездесулерде тараптар Қазақстан мен Люксембург арасындағы ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасатын болады.
2023 жылғы 27 маусымда Астана қаласында Қазақстан-Швейцария сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 11-ші отырысы өтеді. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин және Сауда келісімдері жөніндегі Федералды кеңестің комиссары, мемлекеттік Хатшылықтың экономикалық мәселелер жөніндегі басқарма мүшесі, екіжақты қатынастар департаментінің басшысы Эрвин Боллигер – үкіметаралық комиссияның тең төрағалары.
Отырыс барысында тараптар Қазақстан мен Швейцария арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылайды.
2023 жылғы 26 маусымда Астанада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш пен Пәкістан Ислам Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Сайед Ахсан Раза Шахтың төрағалығымен Қазақстан-Пәкістан саяси консультацияларының 2-ші раунды өтті.
Консультациялар барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын талқылады, оның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестік мәселелері. Көлік және логистика, білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында тараптар екіжақты әріптестікті одан әрі нығайту мақсатында сыртқы саяси ведомстволар арасындағы тығыз диалогты қолдауға келісті.
2023 жылғы 26-27 маусымда Еуропалық одақ және Еуропа Кеңесінің 2020-2023 жылдарға арналған «Орталық Азиядағы заң үстемдігі» бағдарламасының Өңірлік басқарушы комитетінің екінші отырысының өткізуі жоспарлануда. Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттік мекемелерінің өкілдері, сонымен бірге Еуропалық одақ пен Еуропа Кеңесінің ресми тұлғалары қатысады. Отырысты өткізу мақсаты – бағдарламаны жүзеге асыру барысында қол жеткізілген нәтижелердің қорытындыларын шығару, сондай-ақ алынған тәжірибеге шолу жасау. Оған қоса, отырысқа қатысушылар бағдарламаның артықшылықтары мен басымдықтарын, сонымен қатар алдағы ынтымақтастықтың жұмыс жоспарын талқылайды.
2023 жылғы 27 маусымда Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Еуропа Кеңесінің Бағдарламаларды үйлестіру директоры Клаус Нойкирхпен кездесу өткізеді. Кездесу барысында «Орталық Азиядағы заң үстемдігі» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан мен Еуропа Кеңесінің ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ өзара әрекеттесудің даму перспективалары талқыланады.