
Астана, 2023 жылғы 20 маусым – Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров БҰҰ Еріктілер бағдарламасының Атқарушы үйлестірушісі Тойлы Қурбановпен кездесті.
Қазақстандық дипломат БҰҰ Еріктілер атқарушы үйлестірушісіне Астанада жұмысын бастаған Халықаралық еріктілер форумының жұмысына белсенді қатысқаны, сондай-ақ іс-шараны дайындауға көрсетілген көмек пен қолдау үшін алғысын білдірді.
Кездесу барысында еріктілер қозғалысын ұлттық және жаһандық деңгейде дамытудағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі жаһандық күн тәртібіндегі мақсаттарға қол жеткізу үшін еріктілер қозғалыстардың қызметін кеңейтудің маңыздылығы, сондай-ақ Қазақстанда еріктілер қызметін дамыту мәселелері қозғалды.
Тараптар сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Даму үшін еріктілерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау туралы бастамасын ілгерілету мәселесін жан-жақты талқылады.
Қ. Омаров БҰҰ Еріктілер қызметі өз қамқорлығына талапты да білікті жастарды біріктіруге бағытталғанын, олардың арқасында қазақстандық қоғам өмірінде де, әлемде де елеулі өзгерістер орын алып жатқанын атап өтті.
Осы орайда қазақстандық дипломат Үкіметтің толық қаржыландыру бағдарламасы аясында ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі мен БҰҰ еріктілер арасындағы әріптестік туралы келісімді алдағы үш жылға ұзарту туралы шешімі туралы хабардар етті.
Өз кезегінде Т. Қурбанов Қазақстанның еріктілер қозғалысын дамытуға және кеңейтуге ерекше көңіл бөлуін, сондай-ақ еліміздің жоғары деңгейде БҰҰ-ның жаһандық жобаларына қазақстандық еріктілерді тарту жөніндегі бастамаларын жоғары бағалады.
Анықтама: 2022 жылы Қазақстанның 73 азаматы БҰҰ еріктілері ретінде өз қызметін жүзеге асырды, олардың 77%-ы (немесе 65 адам) еліміздің 2030 жылға дейінгі Күн тәртібі мен Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуін қолдайтын БҰҰ-ның ұлттық еріктілері болды.