Босния және Герцеговинаның Қазақстандағы Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті

Босния және Герцеговинаның Қазақстандағы Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті

Астана, 2023 жылғы 6 маусым – Босния және Герцеговина (БжГ) Төралқасы Төрайымы Желька Цвияновичтің осы аптада жұмыс сапары қарсанында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко БжГ-ның Қазақстандағы (қоса атқарушы) Елшісі Желько Самарджиядан сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.

Р. Василенко Елшіні қызметке тағайындалуымен құттықтап, қалыптасқан қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететіндігін атап өтті.

Өз кезегінде Ж. Самарджия екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты дамыту үшін барлық күш-жігерін салуға ниетті екенін жеткізді.

Сұхбат барысында дипломаттар қазақстандық-босниялық ынтымақтастығының күн тәртібінде тұрған бірқатар өзекті мәселерді және өзара ықпалдастықтың келешегін талқылады.

Тараптар шарт-құқықтық базаны кеңейту мәселесін қарап, екіжақты және көпжақты форматтағы әріптестікті өзара белсенді қолдауға келісті.

Айта кетері, БжГ Төралқасының Төрайымы Ж. Цвиянович 8-9 маусымда өтетін Астана халықаралық форумының жұмысына қатысады. Оның ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановпен кездесулері жоспарланған.