
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлесті.
Тараптар елдеріндегі COVID-19 коронавирустық инфекцияға қатысты жағдай, сондай-ақ оның таралуымен күресу үшін қолданылып жатқан шаралар туралы ақпаратпен бөлісті.
М.Тілеуберді Қазақстанға гуманитарлық көмек көрсеткені үшін әмірліктер тарапына алғысын білдіріп, бұл қадам елдер арасындағы достық қарым-қатынастардың жарқын үлгісі болып табылатынын атап өтті.
Сонымен бірге тараптар Қазақстан-Әмірліктер ынтымақтастығының өзекті мәселелерін және екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылын талқылады.
Ү.ж. 6 сәуірде БАӘ Үкіметінің шешімі бойынша Абу Дабиден Нұр-Сұлтанға жалпы салмағы 13 тоннаға жуық медициналық қорғаныс құралдары, атап айтқанда медициналық маска, қолғап, бахила, антисептик және басқа да заттардан құралған гуманитарлық көмек партиясы жеткізілді.