Мазмұны:
2023 жылғы 23-24 қаңтарда Ташкент қаласында Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ЭЫҰ СІМК) 26-шы отырысы өтеді. Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қатысады.
Іс-шара барысында Ұйымға мүше мемлекеттердің экономика, логистика, экология, туризм және т.б. салалардағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру мәселелері талқылануы жоспарлануда.
Министрлер кеңесінің қорытындысы бойынша Ташкент коммюникесін және басқа да бірқатар құжаттар мен ЭЫҰ есептерін қабылдау көзделуде.
2023 жылғы 23-25 қаңтарда ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Брюссель (Бельгия) және Страсбург (Франция) қалаларына сапары өтеді.
Брюссельге жұмыс сапары аясында Еуропалық институттардың жоғары лауазымды өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер жоспарланған.
Страсбургте Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясының қысқы сессиясы аясында Р.Василенконың Еуропа Кеңесі мен Еуропаның Парламенттік ассамблеясы басшылығымен кездесулері жоспарлануда.
Сапардың негізгі мақсаттарының қатарында – Қазақстан-Еуропа қатынастарының барлық спектріне шолу жасау, өзекті өңірлік және халықаралық проблемалар бойынша пікір алмасу, сондай-ақ еуропалық әріптестерді еліміздегі саяси реформалардың іске асырылу барысы туралы, президенттік сайлаудың қорытындылары және 2023 жылғы 19 наурызға жоспарланған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының алдағы сайлауына дайындықпен таныстыру.
2023 жылғы 26-27 қаңтарда Будапешт қаласында (Мажарстан) Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мажарстан үкіметаралық комиссиясының сегізінші отырысы өтеді. Комиссияның қазақстандық бөлігінің тең төрағасы – ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ал Мажарстан тарапынан – Мажарстанның Қаржы министрі Михай Варга.
Комиссия отырысы шеңберінде Қазақстан-Мажарстан Іскерлік кеңесінің отырысын өткізу, бірқатар ведомствоаралық құжаттарға қол қою жоспарлануда, олардың ішінде Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Мажарстанның Мәдениет және инновациялар министрлігі арасында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында кадрларды даярлау және оқыту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылады.
Сонымен қатар, тараптар Stipendium Hungaricum мажар стипендиялық бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықты талқылайды. Осы бағдарлама шеңберінде мажар тарапы 250 грант бөледі (110 – бакалавриат, 90 – магистратура, 30 – бакалавриат + магистратура және 20 – докторантура гранттары).
2023 жылғы 19-20 қаңтарда Брюссель қаласында Орталық Азия мемлекеттерінің және Еуроодақтың Ауғанстан бойынша арнайы өкілдерінің үшінші отырысы өтті. Қатысушылар өңірлік қауіпсіздік сын-қатерлеріне шолу жасау және ауған халқына үздіксіз көмек көрсету бойынша тараптардың ынтымақтастығын талқылады. Ауғанстандағы тұрақты бейбітшілік пен орнықты дамуға жан-жақты қолдау расталды және Ауғанстандағы әйелдер мен қыз балалардың құқықтарын қорғау жағдайының нашарлауына байланысты алаңдаушылық білдірді.
Қазақстандық делегацияны СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Талғат Қалиев бастап келді. Отырыста сөйлеген сөзінде ол Қазақстан тарапының ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету бойынша алған ұлттық міндеттемелерін толық жүзеге асыруды көздейтінін хабарлады. Бұл тұрғыда қазақстандық аграрлық кәсіпорындардың БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен өзара іс-қимылы атап өтілді. Мәселен, осы іспеттес ынтымақтастық аясында 2022 жылдың бірінші жартысында Ауғанстанға 456 мың тонна қазақстандық ұн жеткізілген.
Отандық жоғары оқу орындарының Еуроодақ қаржыландыратын және Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы іске асыратын Қазақстанда, Қырғызстанда және Өзбекстанда ауған студенттеріне арналған білім беру бағдарламасына белсенді қатысуын жалғастыратыны расталды.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар бірлескен мәлімдеме қабылдады.