Қазақстан Елшісі Грузия Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Елшісі Грузия Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Тбилиси, 2023 жылғы 17 қаңтар – Қазақстанның Елшісі Мәлік Мырзалин Орбелиани сарайында Грузия Президенті Саломе Зурабишвилиге сенім грамоталарын тапсырды.

Кездесу барысында Елші Грузия Президентіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізіп, Қазақстан Грузиямен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, оның ішінде сауда-экономикалық және көліктік-логистикалық өзара іс-қимылды жандандыруға зор мән беріп отырғанын хабарлады.

Өз кезегінде грузин президенті Қазақстан Грузияның маңызды және сенімді серіктесі болып табылатынын, сондықтан Тбилиси біздің елмен тығыз және жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін атап өтті.

Қазақстандық дипломат Грузия басшысын елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалармен таныстырды.

Президент С. Зурабишвили Қазақстан Президентінің бастамашылығымен жүргізіліп жатқан оң өзгерістерге жоғары баға берді.

Сұхбат барысында барлық өзара тиімді салаларда екіжақты байланыстарды одан әрі жан-жақты кеңейтуге және тереңдетуге деген ортақ мүдделілік атап өтілді.

Кездесудің соңында Грузия Президенті Қазақстан Елшісін ресми қызметке кірісуімен құттықтап, қазақстандық-грузин қатынастарын одан әрі нығайту жолындағы жұмысына табыс тіледі.