Вена, 2022 жылғы 7 желтоқсан – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Венаға жұмыс сапары шеңберінде ресми және іскер топ өкілдерімен кездесулер өткізді.
Аустрия Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Петер Лаунски-Тиффентальмен өткен кездесуде тараптар ү.ж. қыркүйекте Нью-Йорк қаласындағы екі мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Ван дер Белленнің, сондай-ақ өткен аптада Лодзь қаласында сыртқы істер министрлері Мұхтар Тілеуберді мен Александр Шалленбергтің кездесулері екіжақты қарым-қатынастарға маңызды серпін бергенін атап өтті.
Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән беріле отырып, Қазақстан мен Аустрия қарым-қатынастарын дамыту перспективалары және халықаралық ұйымдар аясындағы іс-әрекет мәселесі талқыланды.
Р. Василенко сұхбаттасын Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың барысы әкеме кезектен тыс президенттік сайлауының қорытындылары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
Өз кезегінде аустриялық дипломат еліміздегі өзгерістерді құптай отырып, елдер арасындағы ынтымақтастықтың келешегін жоғары бағалады. Ол Қазақстанның халықаралық ұйымдардағы, оның ішінде ЕҚЫҰ-дағы белсенді жұмысын және еліміздің халықаралық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерге теңдестірілген көзқарасын атап өтті.
Аустрияның Федералды Еңбек және экономика министрлігінде Бас директор, Қазақстан-Аустрия Экономикалық, ауыл шаруашылығы, табиғатты қорғау, өнеркәсіптік, техникалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Флориан Фраушермен кездесу өтті.
Әңгімелесу барысында 2023 жылдың бірінші жартысында Аустрияда өтетін 11-ші үкіметаралық комиссиясының отырысына дайындық мәселелері қаралды. Тараптар мемлекеттердің астаналары арасында тікелей әуе қатынасын ашудың маңыздылығына тоқталып, екі ел кәсіпкерлерінің іскерлік белсенділігі үшін қолайлы жағдай жасау маңыздылығына назар аударды. Сонымен қатар, геосаяси ахуал аясындағы ұлттық экономикалардың жай-күйі мен даму перспективалары туралы пікір алмасты. Қазақстандық дипломат сұхбаттасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру және отандық өнеркәсіпті дамыту үшін озық технологияларды тарту мақсатында жүргізіп жатқан кешенді реформалары туралы хабардар етті.
Бұған қоса, Р.Василенко Аустрияның Федералды экономикалық палатасының вице-президенті Вольфганг Хесунмен кездесу өткізді. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілігін растады. Федералдық экономикалық палата тұрақты негізде аустриялық компаниялар делегацияларының Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне сапарларына жәрдемдеседі. Аталған кездесуде В. Хесунге 2023 жылғы 11-12 мамырда жоспарланған Астана қаласындағы Халықаралық машина жасаушыларының форумына шақыру хат табысталды.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Қазақстан-Аустрия Іскерлік кеңесінің тең-төрағасы Рихард Шенцпен кездесіп, ол Қазақстан халқын ағымдағы жылдың 20 қарашасында кезектен тыс президенттік сайлауындағы Қ. Тоқаевтың сенімді жеңісімен құттықтады.
Р. Шенц Ресей-Украина қақтығысы Аустрия экономикасы үшін, атап айтқанда, энергияны көп қажет ететін өнеркәсіп үшін қиындықтар туғызатынын атап өтті. Оған қарамастан, Қазақстан Аустрияға мұнайдың негізгі жеткізушілерінің бірі, яғни оның қажеттілігінің 40 пайызын қамтамасыз ете отырып, өзін сенімді серіктес ретінде көрсете білді.
Қазақстан-Аустрия Іскерлік кеңесі қазақстандық және аустриялық компаниялар арасындағы өзара әрекеттесуге арналған B2B платформасы. Кеңестің келесі отырысы аясында Қазақстан-Аустрия бизнес-форумын да өткізуді жоспарлауда. Онда жаңартылатын энергия көздері, машина жасау, денсаулық сақтау және инфрақұрылымды дамыту салаларындағы жобалар талқыланып, қаралады.
Венада болу аясында Р. Василенко жетекші баспа басылымдарының бірі – Wiener Zeitung газетіне негізгі тақырыптары ретінде Қазақстандағы өзгерістер, Қазақстан-Аустрия қарым-қатынастарының жағдайы мен келешегі және қазіргі халықаралық мәселелерге еліміздің көзқарастары бойынша сұхбат берді.
Қазақстанда 40-тан астам аустриялық компаниялардың өкілдіктері бар, олардың ішінде Kapsch, Liebherr, Gebrüder Weiss, Andritz Hydro, Herz Armaturen, Red Bull, Swarovski, Frey Wille, Trodat, Colop, Julius Blum және т.б. 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасына тікелей аустриялық инвестициялардың жалпы ағыны шамамен 3 млрд долларды құрайды.