
Женева, 2022 жылғы 30 қараша – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қарулар жасауға, өндіруге және оның қорларын шоғырландыруға тыйым салу және оларды жою жөніндегі конвенцияның (БУҚК) Шолу конференциясының ашылуына қатысты.
2022 жылғы 28 қарашадағы жалпы пікірталаста сөйлеген сөзінде қазақстандық делегация басшысы халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Конвенцияның маңызды рөлін, сондай-ақ Қазақстанның биологиялық қауіпті жоюға, оның ішінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік (БҚХА) құру жөніндегі бастамасын ілгерілету арқылы қосқан үлесін атап өтті.
Іс-шара алаңында 2022 жылғы 29 қарашада Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілдігінің ұйымдастыруымен БҚХА-ны жүзеге асыру жөніндегі одан әрі қадамдарға арналған сайд-ивент өтті. Қатысушыларға арнаған сөзінде Қ. Омаров бастаманы іске қосу үшін БУҚК шеңберінде ашық құрамдағы жұмыс тобын құруды қолдауға шақырды.
Сапар шеңберінде Женевада орналасқан бірқатар халықаралық ұйымдардың басшыларымен екіжақты кездесулер ұйымдастырылды.
БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валоваямен сұхбатында ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады. Алматыда БҰҰ-ның өңірлік хабын құру мәселелері бойынша егжей-тегжейлі пікір алмасу болды, оның басты бағыты Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстанда Орнықты дамудың мақсаттарын (ОДМ) жүзеге асыруға бағытталатыны атап өтілді. Болашақта ОДМ бойынша бұл пилоттық жоба әлемнің басқа аймақтарында ұқсас құрылымдарды құрудың үлгісі бола алады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Гебрейесуспен кездесуде қазақстандық дипломат әңгімелесушіні 2023 жылғы қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясында Денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға бірдей қамту бойынша жоғары деңгейдегі отырыстың алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) жөніндегі панельдік сессиясында негізгі баяндамашы ретінде қатысуға шақырды. ДДСҰ басшысы 2023 жылы АМСК бойынша Алматы декларациясының 45 жылдығына және Астана декларациясының 5 жылдығына арналған Астанадағы 73-ші Еуропалық өңірлік комитеттің жұмысына қатысатынын растады. Әңгімелесушілер сонымен қатар пандемияның алдын алу, оған дайын болу және жауап беру туралы жаңа халықаралық келісім бойынша келіссөздер процесін талқылады.
Үстіміздегі жылдың қазан айында қызметіне кіріскен Халықаралық Қызыл Крест комитетінің (ХҚКК) президенті Мирьяна Сполярич Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету үшін Алматыда БҰҰ Хабын құру бойынша ХҚКК-ның қызығушылығын білдірді. Сириядағы жағдайды талқылай отырып, тараптар осы елдегі гуманитарлық ахуалды шешуге жәрдемдесудегі өзара іс-қимылды жалғастыруға және оны Астана процесі шеңберінде де жақсарту жолдарын табуға өзара мүдделі екенін растады.
Жақында тағайындалған БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Тюркпен кездесу барысында Президент Қ.Тоқаевтың адам құқықтарын қорғау саласындағы ауқымды реформалары және еліміздің БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі басқармасымен екіжақты ынтымақтастығының негізгі бағыттары талқыланды.
Жоғарғы комиссар Ф.Тюрк Қазақстан басшысының БҰҰ-мен табысты ынтымақтастықты құрудағы рөлін атап өтіп, еліміздегі жетістіктер мен саяси өзгерістерді жоғары бағалады. Ол сондай-ақ Жаңа және Әділетті Қазақстан құруда адам құқықтарын көтермелеу мен қорғаудың маңыздылығын атап өтті.
Бас хатшының орынбасары - Қарусыздану мәселелері жөніндегі Жоғары өкілі Идзуми Накамицумен кездесуде тараптар БҚХА бастамасын іске асыру жолдарын, сондай-ақ биологиялық қауіпсіздік саласындағы басқа да мәселелерді талқылады. И. Накамицу Қазақстанның халықаралық қарусыздану мәселелеріндегі айрықша орнын ерекеше атап өтті.
Барлық халықаралық ұйымдардың басшылары Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың атына сайлаудағы жеңісіне байланысты ең жылы құттықтауларын жеткізуді сұрады және басталған реформаларды ілгерілетуге бағытталған елімізбен тығыз жұмысты одан жалғастыру бойынша тілектерін білдірді.
БУҚК 1972 жылы 10 сәуірде қол қою үшін ашылды және 1975 жылы 26 наурызда күшіне енді. Бүгінгі таңда Конвенцияға 184 қатысушы мемлекет және оған қол қойған төрт мемлекет кіреді. БУҚК Шолу конференциясы бес жылда бір рет өтеді және Конвенцияның шешім қабылдау өкілеттігі бар жоғары органы болып табылады. Іс-шара 2022 жылдың 16 желтоқсанына дейін жалғасады. Шолу конференциясының жұмысына ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қатысуда. Қазақстан конференция төрағасының орынбасары және өкілеттіктерді тексеру комитетінің мүшесі болып сайланды.