
Астана, 2022 жылғы 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі Парламентінің депутаты, Сыртқы істер, Достастық және даму министрлігінің Еуропа бойынша Мемлекеттік хатшысының орынбасары Лео Докэртимен бейнеконференция форматында келіссөздер өткізді.
Сұхбаттастар Қазақстан-Ұлыбритания ынтымақтастығының өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, алдағы екіжақты іс-шараларды, соның ішінде жоғары деңгейдегі сапарларды және Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы Стратегиялық диалогтың 6-шы отырысына дайындық барысын талқылады.
Р. Василенко өзара әрекеттестікті сыртқы саяси мекемелерінің басшылары деңгейіндегі Стратегиялық диалогпен қатар Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия және Іскерлік кеңес сияқты Қазақстан-Ұлыбритания ынтымақтастығының тетіктері арқылы қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Бейнеконференция барысында Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар мен әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам құру мақсаттарына ерекше назар аударылды. Р. Василенко сұхбаттасушыға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа өкілеттік мерзіміне қайта сайлануына байланысты оның басымдықтары туралы хабардар етті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, тереңдету мақсатында сыртқы саяси мекемелері деңгейінде тығыз диалогты жалғастыруға келісті.