ҚР СІМ жанындағы диалог алаңында қылмыстық сот төрелігі саласындағы реформалар талқыланды

ҚР СІМ жанындағы диалог алаңында қылмыстық сот төрелігі саласындағы реформалар талқыланды

Астана, 2022 жылғы 29 қараша – Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңес органының («АӨДА» ККО) 2022 жылғы қорытынды отырысында қылмыстық сот төрелігі саласындағы реформалар мәселелері қаралды.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы басшысының атынан құттықтау сөзін оқыды, ол, атап айтқанда, 2022 жыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елді одан әрі демократияландыру мақсатында толыққанды саяси реформалар үшін катализатор болған оқиғаларға толы болғанын атап өтті. Жыл сайын Қазақстан халықтың әл-ауқаты мен адам құқықтарын сақтау мызғымас құндылықтар болып табылатын әділ, құқықтық мемлекет құру жолында дәйекті және тиімді қадамдар жасауда. Азаматтық сектордың билік органдарымен синергиясы есебінен ортақ мақсатқа – атап айтқанда, азаматтарымыздың құқықтарын, бостандықтары мен экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз етуге қол жеткізілетінін атап өтті.

Бұдан әрі Р. Василенко отырысқа қатысушылардың назарын ағымдағы жылы іске асырылған ККО ұсынымдарының тізбесін өзектендіру жөніндегі жобаға аударды, ол 76 ірі заңнамалық бастаманы құрады. Алда азаматтық сектордың жаңартылған ұсыныстарын іске асыру бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр.

Отырыста мемлекеттік органдардан Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің және Жоғарғы соттың өкілдері баяндама жасады.

Бас прокуратураның төрт баяндамашысы ЕЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша құқық қорғау органдарының өкілеттіктерін нақты ажыратуға негізделген қылмыстық процестің үш буынды моделін кезең-кезеңімен енгізу туралы толық ақпаратты ұсынды.

Әділет министрлігінің өкілі министрліктің жобалық кеңсесі жұмыс істемейтін нормаларды, соқтығысуларды, олқылықтар мен сот төрелігіне кедергі келтіретін нормаларды анықтауға бағытталған қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне бап бойынша талдау жүргізгенін хабарлады.

Жоғарғы соттың спикері сот жүйесін реформалаудың басты мақсаты азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін одан әрі арттыру, олардың құқықтарын сотта тиімді қорғауды қамтамасыз ету, сапалы судьялар корпусын қалыптастыру екенін айтты.

Азаматтық қоғамнан «Қадір-қасиет» ҚБ басшысы сөз сөйлеп, кінәсіздік презумпциясы қағидатын қамтамасыз ету және балаларды қорқыту мен буллингтен қорғау мақсатында қылмыстық заңнаманы жетілдіру бойынша ұсынымдар енгізді.

Ашық және сындарлы сипаттағы пікірталасқа азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдардың өкілдері белсенді қатысты. Күн тәртібіндегі тақырыптарды талқылау барысында отырысқа қатысушылар бар кемшіліктерді жою есебінен қылмыстық сот төрелігін одан әрі жетілдіру бойынша құнды ұсыныстар мен ұсынымдар айтты.

Отырыс соңында қатысушылар алаңның биылғы жұмыс қорытындыларын талқылап, ККО-ның 2023 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті.

Отырысқа ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы, Жоғарғы соттың, Конституциялық кеңестің, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінің, мүдделі министрліктердің, қазақстандық құқық қорғау ҮЕҰ өкілдері, сондай-ақ алаңның қонақтары – БҰҰДБ, ЕҚЫҰ, Еуропалық одақ, ЮСАИД сияқты халықаралық әріптестердің, сондай-ақ Астанадағы АҚШ және Канада елшіліктерінің өкілдері қатысты.