
Астана, 2022 жылғы 23 қараша – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Өзбекстан Республикасының Елшісі Саидикрам Ниязходжаевпен кездесу өткізіп, оның барысында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай екі елдің мемлекет басшылары мен сыртқы істер министрлерінің атынан құттықтау хаттары табыс етілді.
Осы кезеңде Қазақстан мен Өзбекстан достық, тату көршілік және ортақ мәдени-тарихи құндылықтардың берік байланыстарына негізделген, шынайы стратегиялық әріптестік пен одақтастық рухында тұрақты нығайып келе жатқан үлгілі мемлекетаралық қатынастарды құра алды.
Осыған байланысты екі мемлекет арасында саяси диалогтың жоғары деңгейі сақталатыны, жыл сайын өзара сауда мен инвестициялардың өсуі, іскерлік, ғылыми және мәдени байланыстардың жандануы байқалатыны атап өтілді.
Сонымен қатар, тараптардың сенімгерлік және сындарлы диалог, өзара түсіністіктің жоғары деңгейі бар қомақты шарт-құқықтық база негізінде көпқырлы ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға берік міндеттемесі атап өтілді.