
Вена, 2022 жылғы 16 қараша - Қазақстан Республикасының Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Әлібек Бақаев Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Бас директоры Рафаэль Мариано Гроссиге сенім грамоталарын табыстады.
Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен АЭХА арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылап, оны іске асыру жөніндегі нақты жоспарларды белгіледі.
Р. Гросси Қазақстанның халықаралық ядролық қарусыздану және таратпау процесіне қосқан тарихи үлесін атап өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі реформаларын жоғары бағалады. Осыған байланысты ол еліміздің ұлттық ядролық-энергетикалық бағдарламасын дамытуға барынша қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Атап айтқанда, ол Агенттік мамандары ҚР Үкіметіне қажетті консультативтік көмек көрсетіп жатқанын және 2023 жылы ядролық инфрақұрылымды қарау бойынша кезекті кешенді миссияны жоспарлап отырғанын белгілеп кетті.
Өз кезегінде қазақстандық дипломат Қазақстанның 1994 жылы АЭХА мүшелігіне кірген сәтінен бастап денсаулық сақтау, су ресурстарын басқару, қоршаған орта, ауыл шаруашылығы және Қазақстанның атом өнеркәсібін дамыту сияқты басым салаларда белсенді ынтымақтастық жалғасып келе жатқанын атап өтті. ҚР Тұрақты өкілі сондай-ақ АЭХА-дағы егеменді теңдік мәселесін қалпына келтіру мәселесін шешуге ниет білдірді және Агенттік басшылығын оны шешуде барынша қолдау көрсетуге шақырды.
Кездесу қорытындысы бойынша А. Бақаев Р. Гроссиге «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалін табыс етті және келесі жылы Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.