Мазмұны:
1) Бірлескен Қазақстан-Ресей демаркациялық комиссиясының жүз жиырма үшінші отырысын өткізу туралы;
2) Қазақстан мен Румыния арасындағы саяси консультациялардың 7-ші раунды туралы;
3) Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссия Вице-президенті Жозеп Борреллдің Қазақстанға ресми сапары туралы;
4) Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің «Орталық Азия - Еуропалық одақ» форматындағы Сыртқы істер министрлерінің 18-ші кездесуіне қатысуы туралы;
5) Сирия бойынша Астана процесінің шеңберіндегі кезекті жоғары деңгейдегі 19-шы халықаралық кездесу туралы;
6) Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізуге дайындық барысы туралы.
1. Бірлескен Қазақстан-Ресей демаркациялық комиссиясының жүз жиырма үшінші отырысын өткізу туралы
2022 жылғы 7-11 қарашада Мәскеу қаласында Бірлескен Қазақстан-Ресей демаркациялық комиссиясының жүз жиырма үшінші отырысы өтті.
Тараптар демаркациялаудың қорытынды құжаттарының жобаларын дайындау бойынша жұмысты жалғастырды, мемлекеттік шекара сызығын оның жекелеген учаскелерінде белгілеуге байланысты мәселелерді талқылады, сондай-ақ 2023 жылға арналған далалық демаркациялық жұмыстардың жоспарын бекітті.
Комиссияның келесі отырысы ү.ж. желтоқсанда Қазақстан Республикасының аумағында өтеді.
2. Қазақстан мен Румыния арасындағы саяси консультациялардың 7-ші раунды туралы
Ү.ж. 16 қарашада Астана қаласында Қазақстан мен Румынияның сыртқы саяси ведомстволарының делегациялары саяси консультациялардың 7-ші раундын өткізеді. Қазақстандық делегацияны келіссөздерде Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, румын делегациясын - Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Юлиан Фота басқарады.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау жоспарлануда.
3. Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссия Вице-президенті Жозеп Борреллдің Қазақстанға ресми сапары туралы
Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның Вице-президенті Жозеп Боррелл 2022 жылғы 16-17 қарашада Қазақстанға ресми сапармен келеді.
Сапар аясында Жозеп Борреллдің Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен және мемлекет басшылығымен екіжақты кездесулері жоспарлануда.
Келіссөздер барысында өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, тараптар Қазақстан – Еуропалық одақ екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылайды.
4. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің «Орталық Азия - Еуропалық одақ» форматындағы Сыртқы істер министрлерінің 18-ші кездесуіне қатысуы туралы
2022 жылғы 17 қарашада Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Самарқанд қаласында өтетін «Орталық Азия – Еуропалық одақ» форматындағы Сыртқы істер министрлерінің кезекті 18-ші кездесуіне қатысады.
Кездесуге қатысушылар өңіраралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерінің кең ауқымын және Орталық Азия елдері мен Еуропалық одақ арасындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылайды.
Сонымен қатар, 2022 жылғы 18 қарашада қазақстандық делегацияның басшысы Самарқанд қаласында өтетін «Тұрақты дамуға арналған Global Gateway» атты өзара байланыс жөніндегі конференцияға қатысады.
Қазақстан делегациясы мүшелерінің Конференция алаңдарында өткізілетін цифрландыру, көлік және су-энергетикалық ресурстар сияқты мәселелерге арналған тақырыптық кездесулер жұмысына, сондай-ақ бизнес-форумға қатысуы да күтілуде.
5. Сирия бойынша Астана процесінің шеңберіндегі кезекті жоғары деңгейдегі 19-шы халықаралық кездесу туралы
2022 жылғы 22-23 қарашада Астана қаласында Астана форматында Сирия бойынша жоғары деңгейдегі кезекті 19-шы халықаралық кездесу өтеді.
Келіссөздерге кепілгер елдер - Иран, Ресей және Түркия делегациялары, сондай-ақ Сирияның үкіметі мен қарулы оппозициясының өкілдері қатысады. Байқаушы ретінде БҰҰ, Иордания, Ирак пен Ливан өкілдерінің қатысуы күтілуде.
Келіссөздердің күн тәртібіне келесі мәселелер кіреді:
- Сириядағы жағдай, оның ішінде гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық ахуал;
- саяси процесті кешенді ілгерілету;
- сенім шаралары, оның ішінде кепілге алынғандарды босату және із-түссіз жоғалғандарды іздеу;
- БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2642 қарарына сәйкес Сирияны қайта қалпына келтіру және сириялық босқындарды отанына қайтару үшін жағдай жасау мақсатында халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін жұмылдыру.
Бірінші күні кепілгер елдердің (Иран, Ресей және Түркия) екіжақты және үшжақты консультациялары, Сирия Араб Республикасының Үкіметі мен қарулы сириялық оппозиция арасындағы келіссөздер, байқаушы тараптардың делегацияларымен кездесулер (Иордания, Ирак, Ливан, сондай-ақ Сирия бойынша БҰҰ Бас хатшысының Арнайы уәкілі Гейр Педерсеннің офисі және БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссарының басқармасы) өтеді.
Екінші күні консультацияларды жалғастыру, жалпы отырыс және баспасөз конференциясы жоспарлануда.
Бұдан басқа келіссөздер шеңберінде кепілгер елдердің, БҰҰ және Халықаралық қызыл крест комитетінің қатысуымен мәжбүрлеп ұсталып отырған тұлғалар бойынша Жұмыс тобының отырысы күтілуде.
6. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізуге дайындық барысы туралы
Сыртқы істер министрлігі 2022 жылғы 20 қарашада өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қазақстанның шет елдердегі мекемелері жанындағы сайлау учаскелерінің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыруда.
Әлемнің 53 еліндегі 68 сайлау учаскесінде 12 мыңнан астам отандастарымыз дауыс беруге мүмкіншілігі бар.
Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың жауапты мүшесі болып табылады және ұлттық заңнамаға әрі халықаралық стандарттарға сәйкес сайлауды өткізуге бейілді.
Президент сайлауына сегіз халықаралық ұйым, шет мемлекеттердің және Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдері байқаушы болады.
Бүгінгі таңда 139 халықаралық байқаушы аккредиттелген. Сайлауды бақылауға барлығы 600-ден астам өкіл қатысады деп күтілуде.
8 халықаралық ұйым: Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқару Комитеті, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Парламентаралық ассамблеясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік ассамблеясы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы.
Дауыс беруге қатысу үшін белсенді сайлау құқығы бар, тиісті шет мемлекетте тұратын немесе жеке, қызметтік, оқу, іскерлік пен туристік мақсатпен жүрген және ҚР азаматының жарамды паспорты бар Қазақстан Республикасының азаматтары сайлау учаскесі құрылған Қазақстанның дипломатиялық немесе консулдық өкілдігіне жүгіне алады.
ҚР шетелдегі мекемелерінде дауыс беру «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 38-ші бабының 1-ші тармағына сәйкес сайлау өткізілетін күні (2022 жылғы 20 қараша, жексенбі) жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өткізілетін болады.
Сонымен бірге, шетелдегі сайлау процесін уақытылы және толықтай дайындау мақсатында Қазақстанның азаматтарын жақын маңдағы сайлау учаскесіне алдын-ала хабарласып, сайлаушылар тізіміне енгізу үшін мәлімет берулерін сұраймыз.