Қазақстан СІМ ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2022 жылғы 7 қараша

Қазақстан СІМ ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2022 жылғы 7 қараша

Мазмұны:

1) Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Солтүстік Македонияға алғашқы ресми сапарының қорытындылары туралы;

2) Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары туралы;

3) Қазақстан мен Сербия арасындағы саяси консультациялар туралы;

4) Түркі мемлекеттері ұйымының Сыртқы істер министрлерінің кеңесі туралы;

5) «Alem Saz» халықаралық фестивалі туралы;

6) Қазақстанның БҰҰ-дағы 30 жылдығына арналған мерейтойлық пошта маркасы мен монетаның тұсаукесері туралы;

7) Қазақстан азаматтары үшін Иранға визасыз режимін жариялау туралы;

8) Қазақстанның Түркиядағы жаңа Құрметті консулдығын ашу туралы.

 

1. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Солтүстік Македонияға алғашқы ресми сапарының қорытындылары туралы

2022 жылғы 1 қарашада Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Солтүстік Македония Республикасына ресми сапары өтті.

Сапар барысында Министр Солтүстік Македонияның Президенті Стево Пендаровскимен, Жиналыс (Парламент) төрағасы Талат Джаферимен және Сыртқы істер министрі Буяр Османимен келіссөздер өткізді.

Келіссөздер нәтижесінде сыртқы саяси ведомстволарының басшылары тараптар уағдаластықтарының негізгі қорытындыларын қамтитын Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

2023 жылы Қазақстанның Солтүстік Македониядағы Елшілігін ашу туралы шешім жарияланды, бұл екі ел арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды нығайтуға қосымша серпін береді.

2. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары туралы

2022 жылғы 3 қарашада Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барды. Оның барысында Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 9-шы отырысы және саяси консультациялардың 5-ші раунды өткізілді.

БАӘ Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаянмен келіссөздерде екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Сұхбаттастар өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты.

Саяси консультацияларда Әмірліктер делегациясын БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл әл-Мазруи басқарды. Тараптар халықаралық аренада екі мемлекеттің өзара түсіністігі және өзара қолдауының жоғары деңгейін атап өтті. Жоғары деңгейде тығыз саяси диалог жолға қойылған. Көпжақты құрылымдар аясында тиімді серіктестікті одан әрі дамыту туралы келісімге қол жеткізілді.

Сонымен қатар, БАӘ астанасында Бірлескен үкіметаралық комиссияның 9-шы отырысы өткізілді, оның қорытындысы бойынша тиісті Хаттамаға қол қойылды. Үкіметаралық комиссия Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы инвестициялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі уағдаластықтарды бекітті. Білім және ғылым, ауыл шаруашылығы, энергетика және жаңартылатын энергия көздері, тау-кен металлургия кешені, көлік және логистика, құрылыс және т.б. салалардағы перспективалы бірлескен жобалар анықталды.

3. Қазақстан мен Сербия арасындағы саяси консультациялар туралы

2022 жылғы 4 қарашада Қазақстан мен Сербияның сыртқы саяси ведомстволарының делегациялары саяси консультациялардың кезекті раундын өткізді. Қазақстандық делегацияны Қазақстан СІМ Еуропа департаментінің директоры Олжас Сүлейменов, серб делегациясын Сербия СІМ Ресей және Еуразия департаментінің директоры Владимир Йовичич басқарды.

Тараптар екіжақты күн тәртіптегі өзекті мәселелерді талқылады және саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген ортақ ниеттің бар екенін растады.

Сонымен қатар көпжақты форматтағы өзара іс-қимыл мен халықаралық мәселелерге ерекше назар аударылды.

Дипломаттар екі мемлекет арасындағы байланыстарды кеңейту жоспарларын, атап айтқанда өзара сапарлармен алмасу, екіжақты Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің кезекті отырыстарын өткізу, сондай-ақ екіжақты шарт-құқықтық базаны кеңейту тақырыбын егжей-тегжейлі қарастырды.

4. Түркі мемлекеттері ұйымының Сыртқы істер министрлерінің кеңесі туралы

2022 жылғы 10 қарашада Самарқандта Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысады.

Іс-шара барысында Түркі мемлекеттері ұйымының алдағы Саммитіне дайындық мәселелерін қарау, сондай-ақ мемлекет басшыларының қол қоюына дайындалатын құжаттарды келісу жоспарлануда.

5. «Alem Saz» халықаралық фестивалі туралы

Қазақстанның бірқатар шет мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынастарының орнағанына 30 жыл толуына орай, сондай-ақ атақты қазақ әншісі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына байланысты 2022 жылғы 7-16 қараша аралығында «Alem Saz» халықаралық фестивалі өтеді. Онда жеті мемлекеттің өкілдері – Беларусь, Германия, Үндістан, Испания, Италия, Ресей мен Түркияның өкілдері өз шығармашылығын ұсынады.

Фестиваль аясында музыкалық концерттер, жәрмеңкелер, әртістердің шеберлік сыныптары, кино көрсетілімдері мен көрмелер өтеді. Іс-шара «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді, кіруі тегін.

Фестивальді Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі және «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырады.

6. Қазақстанның БҰҰ-дағы 30 жылдығына арналған мерейтойлық пошта маркасы мен монетаның тұсаукесері туралы

Бүгін сағат 19.00-де Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісінің кеңсесімен бірлесіп, Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрында БҰҰ күні (24 қазан) атап өтіледі. Салтанатты қабылдау қарсаңында қонақтарға «Қанаттылар» инклюзивті театры актерларының қатысумен «Лейланың дұғасы» атты қойылымы ұсынылады.

Мереке аясында, театр қойылымы басталғанға дейін театр сахнасында Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігінің 30 жылдығына арналған мерейтойлық пошта маркасы мен монетаның ресми тұсаукесері өтеді.

7. Қазақстан азаматтарына Иранға визасыз режимін жариялау туралы

Иран Ислам Республикасының Үкіметі 2022 жылғы 11 қарашадан бастап екі ел арасындағы қатынастарды дамыту және нығайту мақсатында Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим енгізеді, бұл біздің азаматтарымызға Иранның аумағында 14 күнге дейін болуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Үкіметінің 2022 жылғы 7 шілдедегі № 464 қаулысымен қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру, іскерлік байланыстарды жандандыру және еліміздің туристік әлеуетін одан әрі жүзеге асыру мақсатында Иран, Қытай мен Үндістанның азаматтары үшін визасыз кіру тәртібі енгізілді. Осы шешім аталған шет елдердің азаматтарына Қазақстан аумағында күнтізбелік 14 күнге дейін, 180 күнтізбелік күнді қамтитын әрбір кезең ішінде жалпы алғанда 42 күнге дейін визасыз болуға мүмкіндік береді.

8. Қазақстанның Түркиядағы жаңа Құрметті консулдығын ашу туралы

Ағымдағы жылдың 3 қарашада Қазақстанның Түркиядағы Денизли қаласындағы Құрметті консулдығының салтанатты ашылуы өтті. Қазақстанның Құрметті консулы бизнесмен, Қазақстандағы тоқыма өнімдері дүкендері желісінің негізін қалаушы Окан Оғыз болып тағайындалды.

Құрметті консулдықтың ашылуы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне серпін береді. Іс-шара аясында Қазақстан Елшісі Еркебұлан Сәпиев Денизли және Афьон қалаларының жоғары оқу орындарында оқитын 250-ге жуық қазақстандық студенттермен кездесіп, олардың оқу барысымен және тұру жағдайларымен танысты.