
Алматы, 2022 жылғы 26 қазан – Жұмыс сапары аясында Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров халықаралық ұйымдар ғимаратында ҚР-дағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори мен Алматы қаласында орналасқан БҰҰ агенттіктерінің басшыларымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында БҰҰ-ның 2021-2025 жылдарға арналған Орнықты даму саласындағы ынтымақтастық жөніндегі негіздемелік бағдарламасын іске асыру барысы, оның ішінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформаларымен ұштасу перспективалары және ҚР мен БҰҰ-ның өзара іс-қимылының өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Қ.Омаров ҚР аумағында және Орталық Азия аймағында жүзеге асырылып жатқан БҰҰ агенттіктерінің жобалық қызметімен танысты.
Тараптар ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, алдағы кезеңге арналған бірлескен жұмыстың басымдықтарын айқындады. БҰҰ өкілдері жаһандық ұйымның қызметіне жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Қазақстанның Үкіметіне алғыстарын білдіріп, Қазақстанда 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы күн тәртібін іске асыру мақсатында одан әрі жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін растады.