Қазақстандық делегация «Орталық Азия – Корея Республикасы» 15-ші ынтымақтастық форумының жұмысына қатысуда

Қазақстандық делегация «Орталық Азия – Корея Республикасы» 15-ші ынтымақтастық форумының жұмысына қатысуда

Пусан, 2022 жылғы 25 қазан – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Корея Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен оңтүстік кореялық Пусан қаласының мэриясы ұйымдастырған «Орталық Азия - Корея Республикасы» 15-ші ынтымақтастық форумының (ОАКР) ашылуына қатысты.

Іс-шараға Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстанның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары, Пусан қаласының мэрі, форумға қатысушы елдердің мүдделі мемлекеттік органдары мен компанияларының өкілдері қатысуда.

Кездесудің күн тәртібі денсаулық сақтау, туризм, экология, цифрлық ынтымақтастық және экономикалық қауіпсіздік салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қамтиды.

Форум қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері мен Корея Республикасы сыртқы істер министрлерінің бірлескен мәлімдемесі, сондай-ақ ОАКР Хатшылығының 2023 жылға арналған жұмыс жоспары қабылданады деп күтілуде.

Форум аясында ҚР Сыртқы істер министрі М. Тілеуберді Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Пак Чжинмен келіссөздер өткізіп, оның барысында тараптар екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай құттықтаулармен алмасты, әрі екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Министрлер кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтудың, аса жоғары және жоғары деңгейдегі сапарлармен алмасудың маңыздылығын атап өтті. Келесі жылы Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёлдің Қазақстанға сапары күтілуде. Пак Чжин қазақстандық делегацияны Республика күнімен құттықтап, Қазақстан Оңтүстік Кореяның Орталық Азиядағы басты серіктесі екенін атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан Сыртқы істер министрі Пусан қаласының мэрі Пак Хенг Чжунмен кездесті, ол Қазақстан тарапына Пусан қаласында ҚР Бас консулдығын ашқаны үшін алғысын білдірді.