Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары еуропалық серіктестермен жұмыс кездесулерін өткізді

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары еуропалық серіктестермен жұмыс кездесулерін өткізді

Брюссель, 2022 жылғы 19 қазан – Брюссельге жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко еуропалық дипломаттармен және сарапшылармен бірқатар кездесулер өткізді.

Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі Бас хатшысының орынбасары Энрике Морамен өткен келіссөзде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Р. Василенко Еуропалық кеңестің Президенті Шарль Мишельдің Орталық Азия мемлекеттері басшыларының және Еуропалық кеңес президентінің бірінші өңірлік кездесуіне қатысу үшін Астанаға алдағы сапарының маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың Ш. Мишельмен және Еуропалық комиссияның Президенті Урсула фон дер Лейенмен Біріккен Ұлттар Ассамблеясының 77-ші сессиясы аясында өткен кездесулерінің қорытындылары бойынша қол жеткізілген екіжақты келісімдерді іске асыру барысы да талқыланды. Тараптар сондай-ақ алдағы бірлескен іс-шаралар кестесін, оның ішінде 1993 жылғы 2 ақпанда орнатылған Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына арналған іс-шараларды қарастырды.

Еуропалық одақтың адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Имон Гилмормен кездесуде отандық дипломат сұхбаттасушыны елдегі жүйелі саяси реформаларды жүзеге асыру барысы, Қазақстанның 2022 жылғы 20 қарашаға белгіленген алдағы президенттік сайлауға дайындық, сонымен қатар елдегі заң үстемдігін нығайтуға және адам құқықтарын қорғауға бағытталған заңнама аясындағы қадамдар туралы хабардар етті.

Сонымен қатар, сапар барысында Р. Василенко Еуроодақ астанасындағы бірқатар беделді талдау орталықтарымен және БАҚ өкілдерімен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.