Қазақстан мен Бельгия арасындағы саяси консультациялар ынтымақтастықты нығайту ұмтылысын растады

Қазақстан мен Бельгия арасындағы саяси консультациялар ынтымақтастықты нығайту ұмтылысын растады

Астана, 2022 жылғы 17 қазан – Қазақстан және Бельгия сыртқы саяси ведомстволарының делегациялары кезекті саяси консультациялар өткізді. Тараптар кездесу барысында екіжақты және көпжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша «сағат теңестіріп», саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту ниеттерін растады.

Келіссөздерде Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, ал Бельгия тарапын – Сыртқы істер министрлігі Екіжақты ынтымақтастық дирекциясының Бас директоры Йерон Кореман басқарды.

Сұхбаттастар дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы аясында (25 тамыз) екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы жемісті әрекеттестікті қорытындылап, экономикалық ынтымақтастықты одан әрі өзара тереңдету жоспарларын пысықтады.

«Қазақстанның Бельгиямен екіжақты және көпжақты ынтымақтастығын ілгерілетуде ең жоғары деңгейде орнатылған сенімді диалог маңызды рөл атқарады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 21 қарашада Брюссельге сапары шеңберінде атап өткендей, Қазақстан Бельгияны Еуропа одағындағы маңызды саяси әрі экономикалық әріптес ретінде қарастырады», - деп атап өтті Р.Василенко.

Консультациялар аясында 2023 жылы жоғары деңгейде бірлескен
іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ көпжақты құрылымдар шеңберінде өзара әрекеттесу  мәселесіне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Қазақстан дипломаты Бельгия тарапын инвестициялық әріптестікті ұлғайтуға және басым салаларда бірлескен жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

Бельгия делегациясы Астанаға сапары барысында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының басшылығымен кездесті.
Іс-шара аясында Академия мен Брюссель еркін университі арасында Академиялық және мәдени ынтымақтастық туралы жалпы келісімге қол қойылуы екі ел арасындағы жоғары білім саласындағы табысты  ынтымақтастықтың көрсеткіштерінің бірі болды.

Бельгия делегациясы Алматы әкімдігі басшылығымен де Қазақстан мен Бельгия арасындағы өзара тиімді байланыстарды одан әрі нығайту мүмкіндіктерін талқылауды жоспарлап отыр.      

Анықтама: Бельгия Қазақстанның Еуропа одағы елдері ішіндегі маңызды сауда әріптесінің бірі болып саналады. 2021 жылы өзара сауда көлемі 419,7 млн АҚШ долл. құрады. Өткен жылы Бельгияның Қазақстанға тартқан жалпы тікелей инвестициясы 1,069 млрд долл., ал 2005 – 2021 жж. арасында 9,96 млрд долл. құрады. Қазақстанда бельгиялық компаниялардың қатысуымен 70-ке жуық кәсіпорын жұмыс істейді.